Жыл сайын желтоқсан айы жақындаған сайын елімізде адам түсінбейтін берекетсіздік пайда болып, билік абыржи бастайды.
Жоғары оқу орындарының студенттері үшін бұл кез нағыз қарбалас шақ — олар 10-желтоқсанға дейін сессияларын тапсырып, үйлеріне қайтулары керек. Өйткені ар жағында билік үшін үрейлі көрінетін 16-шы желтоқсан да алыс емес.
Билік Желтоқсаннан неге қорқады?
Мүмкін, бұл бір жағынан дұрыс та шығар — қоғамымыздың қызба, албырт бөлігі болып табылатын жастарды ел арасына іріткі салатын түрлі бүлдіргіш күштер өз мақсаттарына жету мақсатында қолшоқпар ретінде пайдаланып кетуі де ғажап емес.
Осы орайда, белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы орынды пікір айтты.
Ағамыздың айтуынша, желтоқсаннан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені
1991 жылғы 16-желтоқсанда Қазақ елі тәуелсіздігінің жариялануы — қазақ жастарының 1986 жылғы 16-желтоқсанда бастаған күресінің қисынды жалғасы, сол серпілістің қисынды аяқталуы.
Сондықтан бұл екі желтоқсанды бір біріне қарама қарсы қоюға болмайды. Олар бір бірімен сабақтасып жатқан тарихи оқиғалардың тізбегі.
Бұдан бөлек, желтоқсан басталысымен ұлт жанашырларынан да маза кете бастайды. Оған себеп те жоқ емес, еліміздегі ең басты мерекеміз — Тәуелсіздік күні өтпестен жатып, Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталып кетеді. Міне, осы мәселе, яғни,
Тәуелсіздік мерекесінің Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоюы ұлт жанашырларының көңіліне қаяу келтіруде.
Осындай кезде, мүмкін, осыдан бірнеше жыл бұрын үкімет 25-қазан күні тойланатын Республика күнін мемлекеттік мерекелер санатынан бекер шығарып тастаған шығар деген ой да келетіні де жасырын емес.
Өйткені, бұл мереке өте бір бейтарап кезде атап өтілетін еді. Өткен мереке — Конституция күні — 30-тамызда тойланса, алдағы мереке — тек 1-желтоқсандағы Тұңғыш Президент күні болатын.
Бірақ Амангелді Айталы ағамыз біздің бұл ойымызды жоққа шығарды.
Тәуелсіздік мерекесін Жаңа жылға тәуелді етіп қойған кім?
Қоғам қайраткерінің айтуынша, 25-қазан — ол Тәуелсіздік күні емес,ол егемендік күні, яғни, Қазақстан Республикасының өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күн. Бұл мәселенің шешімін табу үшін біз, ең алдымен, егемендік және тәуелсіздік деген түсініктердің ара-жігін ажыратып алуымыз керек.
— Саяси терминологияда егемендік бөлек, тәуелсіздік бөлек, — дейді сөзін бастаған қоғам қайраткері. — Мысалы Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстанның автономиялық республика ретінде белгілі бір деңгейде — сыртқы қатынастарда, бюджет және басқа да бір қатар мәселелерде өзінің егемендігі бар. Шешенстанның да егемендігі бар, бірақ Татарстан да, Шешенстан да, басқа автономиялық республикалар да тәуелсіз емес, тәуелді елдер.
25-қазан — біздің кеңес үкіметі шеңберінде одаққа бағынатын республика ретінде егемендігімізді жариялаған күн.
Ал мемлекеттік тәуелсіздікті жариялағаннан кейін кеңес үкіметі тұсындағы егемендіктің мәні жойылды. Тәуелсіздік, әлбетте, егемендіктен жоғары тұрады, сондықтан 25-қараша атап өтілген республика күніне қайта оралудың реті жоқ.
Бұл жердегі мәселе келесі де – біздің билік біздің президент, үкімет әлі күнге дейін қай мерекенің бізге құнды екенін ажырата алмай отыр — Жаңа жыл ма әлде Тәуелсіздік мерекесі ме?
Сондықтан желтоқсан басталысымен бізде Жаңа жылға үлкен дайындық басталады. Тәуелсіздік мерекесі аяқ асты қалады.
Бұған ұлт жанашырлары ғана емес, жалпы, қазақ халқы ренжиді.
Егер мемлекет Тәуелсіздік мерекесін үлкен құндылық ретінде құрметтейтін болса, онда осы мерекені 16-, 17-. 18-, 19-желтоқсан күндері мемлекеттік деңгейде атап өтуі керек. Ал содан кейін шыршаларын орнатып, Жаңа жылға дайындықты бастай берсін.
Ал Жаңа жылды мерзімінен бұрын түрліше символдармен тойлауды бастау — славян халықтарының, провослав дінінің, Ресей рухының, Ресей идеяларының біздің ел үшін бәрі бір құнды екенін білдіреді. Біздің ол мерекені тойлауымыз — Ресейдің қазір бүкіл әлемге жарнамалап жүрген „Русский мир„, яғни, „Орыс әлемі„ деген идеясының ықпалынан шыға алмай жүргеніміздің көрінісі.
Бұл жердегі мәселе — еліміздің намысында жатыр. Егер намысты ел болсақ, онда Жаңа жылды ысырып қоюымыз керек, намысссыз ел болсақ, онда орыс тілді, Жаңа жылды православ күнтізбесімен тойлайтын „русский мирдің„ ішіндегі көп елдің бірі болып қаламыз. Әзірге біз сол құндылықты таңдап отырмыз, соны мойындауымыз керек.
Бірақ біз мұндай іс-шаралармен қазақ халқын, басқаларда шаруам жоқ, ешқашан патриот ете алмаймыз, ешуақытта да елге тәуелсіздікті сыйлата алмаймыз. Міне, осыны билік түсінбей жүр-әу деймін. Мұны қазақ та, орыс тілді қазақ та, басқалар да түсіну керек.
Ассамблея неге үнсіз?
Қоғам қайраткерінің айтуынша, түптеп келгенде, бұл идеяны Қазақстан халқының Ассамблеясы бастап шығу керек еді.
Ассамблея, егер оның қазаққа жаны ашыса, ел халқына:
– Біз Қазақстан Республикасының азаматымыз, осымен мақтанамыз, Тәуелсіздік біз үшін құнды мереке, Жаңа жылға дайындық осы мереке өткеннен кейін басталу керек, — деген үндеу жолдауы керек еді, – дейді Амангелді Айталы.
Бірақ олар айтпайды, айта алмайды, дегенмен айтатын орын солардікі.
Ассамблея мүшелері „Біз Қазақстан азаматтығын таңдадық, бізге бұл ел құнды, бізге бұл тәуелсіздік, бұл мереке құнды„, деп айтулары керек еді, бірақ олай болмай тұр.
Жаңа жыл мерекесін тәуелсіздігімізден жоғары қойып тойлау, оған алдын ала дайындалу —
ел ішінде қарсылық психологиясын тудырып, үлкен ашу-ыза тудырмаса екен, деген қауіпім де жоқ емес.
Халықпен ойнауға болмайды. Өйткені, қанша дегенмен, қазақ халқының ұлттық санасы, азаматтық санасы өсіп келеді, — дейді әңгімесін тәмәмдаған Амангелді ағамыз.
Қайрат Матреков
Дереккөз: 365info.kz