Біз неге несиеге үйірміз: мәселе жалақыда ма, әлде өмір салтында ма?

Сағыныш Сардарова 29 мам. 2025 12:23

Қазақстандықтардың айлығы шайлығына жетіп жүр ме? Неге қазақстандықтар жоғары табыс тапса да кредитке құмар? Dalanews.kz бұл сауалдарды экономист сарапшыға қойды.

Танымал экономист Ғалымжан Керімбек жуырда жарияланған медианалық жалақы турасында пікір білдіріп, шын мәніндегі көрініс қандай екенін айтты.

"Медианалық жалақы бойынша бүкіл қызметкерлердің жалақысын қосады да, соның орта есебін алады, кейін соны жұмысшылардың санына бөледі. Сонда бір орта есеп шығады. Мәселен биыл 300 мың теңге деп тұрса, 3 миллион теңге жалақы алатын адам да, 30 мың теңге жалақы алатын адам да орта есеппен есептеліп тұр деген сөз", - деді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл көрсеткіш нақты жағдайға сәйкес келмейді.

"Себебі бізде жалақы әлі төмен деңгейде. Екіншіден, көп отбасы бір айлықтан екінші айлыққа жете алмайды. Қазіргі кезде қазақстандықтардың 60 пайызында осындай көрсеткіш. Бұл деген сөз - біздің экономикамыз үшін өте сындарлы жағдай. Керісінше біздің жалақы 60-70 пайыз болуы керек", - деді ол.

Экономист көрші елдермен ахуалды да салыстырды.

"Көрші Өзбекстанмен, Қырғызстанмен салыстыратын болсақ, оларда жалақы төмен болғанмен, тұрмыс-тіршілігіне, күнделікті тұтынатын заттарының бағаларына сәйкес келеді. Ал бізде қазір бәрі өте қымбат. Мәселен 100 мың теңгемен дүкенге кірсеңіз, бір-екі пакет қана зат алып шығасыз. Қымбатшылық болғаннан кейін, соған сәйкес жалақы да жоғары болуы керек", - деді сарапшы.

Ғалымжан Керімбек Қазақстанда өте төмен жалақы алатындар көп екенін, бұл қатарда техникалық қызметкерлер, кейбір медициналық қызметкерлер, медбике, санитарлық қызметкерлер, күзетшілер барын айтты.

Сондай-ақ, сарапшы "азаматтар неге жоғары табыс тапса да несие алады?" деген сауалға жауап берді.

"Қазір 20-30, 40-50 жыл бұрынғыға қарағанда адамдардың тұтыну көрсеткіштері өсіп кетті. Мысалы Кеңес одағы кезінде, болмаса өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші, 80-90-шы жылдары, кешегі мына 2000-шы жылдардың бастапқы кезінде адамдарда тұрақты тұтыну болған, яғни бір ғана үйің болса, болмаса бір ғана көлігің болса деген сияқты оймен жүрді, сондай нәрсені қанағат тұтатын еді. Ал қазір адамдардың тұтыну деңгейі өте өсіп кетті. Отбасыңда қанша мүше бар, мысалы үшін соның әрқайсында көлік бар. Бәрі көлік мінгісі келеді, бәрі жақсы үйде тұрғысы келеді, кейін жақсы жерде қыдырғысы келеді, ел-жерді көргісі келеді. Соған байланысты қазіргі кезде азаматтардың басым көпшілігі несиеге жүгінеді. Бұл - заңдылық нәрсе", - дейді ол.

Маман халықтың түсінігі бірдей екенін, ешкім қатардан қалғысы келмейтінін, баласын оқытқысы келетінін, жақсы жерге жұмысқа тұрғызғысы келетінін айтады.

"Теңгемен айтатын болсақ, бұрын адамдардың тұтыну деңгейі 1000 теңге деп есептесек, ал қазір ол 100 000 теңге болып кетті. 100 есе, 1000 есе өсіп кетті", - деп түсіндірді ол.

Сарапшы бұл жолдан әлем елдерінің бәрі өтті деген пікірде.

"Дамыған мемлекеттерден 100 жылға, кейбір мемлекеттерден 50 жылға артта қалып кеттік. Себебі дамыған мемлекеттердегі адамдар бұл жағдайдан әлдеқашан өтіп кеткен. Біз соған енді келеміз. Біздің қоғамда болып жатқан жағдайдың барлығы дамыған мемлекеттерде болып қойған. Олар бұлардың шешімін тауып қойған. Яғни бізде де 20-30 жылдың көлемінде тұрақты деңгейге келеді", - деп түйіндеді маман.

Dalanews.kz анықтамасы: статистикалық деректер бойынша орташа жалақы 2025 жылдың бірінші тоқсанында 300 307 теңге болды. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпкерлік иелерін есепке алмағанда, орташа атаулы жалақы осы кезеңде 423 133 теңге болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар