Бішкекте бұрынғы әйелін өлтірген экс-полиция қызметкері өмір бойына сотталды

Бішкекте бұрынғы әйелін өлтірген экс-полиция қызметкері өмір бойына сотталды
shutterstock.com

Бішкектің Свердлов аудандық соты бұрынғы әйелін өлтіріп, азаптады деп айыпталған полицияның экс-қызметкері Бақыт Урустемовті өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот Урустемовті Қырғызстан Қылмыстық кодексінің аса қатыгездікпен адам өлтіру және дәрменсіз немесе кінәліге тәуелді адамды азаптау баптары бойынша кінәлі деп таныған.

Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, сотталған адам жәбірленуші тарапқа моральдық зиян ретінде 1 миллион сом төлеуге міндеттелді.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 желтоқсанда болған. Сол күні туған күнін атап өтіп жүрген Қырғыз экономикалық университетінің оқытушысы Жібек Урустемова оқ жарақатынан қаза тапқан.

Марқұмның артында үш ұлы қалды. Оқиға кезінде олардың екеуі бастауыш сыныпта оқыған.

Бұл қылмыс Қырғызстан қоғамында үлкен резонанс тудырды. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті іске араласқаннан кейін тағы екі полиция қызметкері ұсталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, учаскелік инспектор айыпталушының тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жүргізілгені туралы құжаттарды кейінгі күнмен рәсімдеген.

Ал Бішкек қалалық ішкі істер бас басқармасы арнайы бөлімінің аға инспекторы күдіктіге травматикалық қаруды сақтау және алып жүру рұқсатын заңсыз берген және оның мерзімін бірнеше рет ұзартқан деген күдікке ілінген.