"Бішкек Арена" 386 миллион долларға салынды" - Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы

"Бішкек Арена" 386 миллион долларға салынды" - Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы
kg.akipress

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов "Бішкек Арена" стадионының құрылысына қатысты толық ақпарат берді. Оның айтуынша, стадион 386 миллион долларға салынған. Ол "нысан 60 миллион долларға салынды" деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Асхат Алагөзовтің сөзінше, құрылыс бастапқыда 30-35 мың көрерменге арналған кәдімгі стадион ретінде жоспарланған. Сол кезде оның құны шамамен 60-70 миллион доллар болады деген болжам айтылған.

Кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бастапқы жобаны өзгертіп, стадионды киіз үй пішінінде салуды тапсырған. Жобаға сауда орталықтары, мейрамханалар мен дәмханалар, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары және балалар алаңы енгізілген.

Осыған байланысты жоба толық қайта жасалып, ғимараттың жалпы ауданы 194 248 шаршы метрге жеткен. Стадионның сыйымдылығы да 52 мың көрерменге дейін ұлғайтылған. Бұған қоса, "халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін стадионда кемінде 50 мың орын болуы керек" деген FIFA талабы да ескерілген.

"Бішкек Арена" стадионының негізгі сипаттамалары: жер учаскесінің аумағы - шамамен 20 гектар; құрылыстың жалпы ауданы - 194 248 шаршы метр; нысанның диаметрі - 280 метр; биіктігі - 70 метр; 8 қабат; көрермендерге арналған 51 252 орын бар; сметалық құны - 386 миллион доллар.

Сауда және коммерциялық инфрақұрылымға 35 916 шаршы метрлік сауда орталығы, 48 дүкен, бір супермаркет, 18 сауда дүңгіршегі, 23 мейрамхана, 11 дәмхана, төрт кинотеатр залы, балалар ойын алаңы және спорт зал кіреді. Сонымен қатар, жалпы аумағы 5 087 шаршы метр болатын террасалар бар.

"Өкінішке қарай, кейінгі күндері "біздің стадион 60 миллион долларға салынды, ал көрші елдердегі стадиондар осындай сомаға тұрғызылды" деген пікір айтыла бастады. Мұндай салыстырулар көрші мемлекеттердің басшыларының беделіне күмән келтіруі мүмкін. Сондықтан, құрметті отандастар, бұл мәселені саясиландырмай, көрші елдермен қарым-қатынасты ушықтырмайық", - деді ол.