Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар
Бұл есім қазақ әдебиетіне, оның ішінде ұлттық поэзияға кеңінен танымал. Қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы қабырғалы, сауатты, аналитикалық зерттеулері мен кең тынысты мақалалары өз алдына, бұл жазбаның персонажы алдымен этнотанымның түсінігінде дарынды ақын есебінде белгілі.
Бауыржан Жақып...
Қоғамда, әдебиетте танымал болу үшін тұлғаның алған марапаттары ғана емес аты-жөнінің өзі жеткілікті деп ойлаймыз. Абай Жазушылар одағының, Ақан мен Біржан Композиторлар одағының мүшесі емес. Бірақ Құдай берді таланттарының арқасында ұлт тарихында қалды.
Бұл қағиданың біздің кейіпкерге тікелей қатысы бар дер едім. Бауыржанның әдебиет сыны әзірге көңіл бөлмеген бір қырына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Ол ақын жырларының бірден көзге шалына қоймайтын астарына, тылсымына байланысты.
Түйініміз түсінікті болу үшін мына бір жайға тоқтала кетейін. Тоқсаныншы жылдары Олжас Сүлейменовтің әлемдік танымды дүр сілкіндірген атақты «АЗ и Я-сын» қазақшаға аудару қолға алынып, осы жолдардың авторының сол шаруамен тікелей айналысқаны бар.
Маған сол кітаптың төрт баспа табағын тәржімалау тапсырылды. Жобаның жетекшісі белгілі ғалым әдебиетші Сәбетқазы Ақатаев маған «Олжастың әр сөйлемінің астарында көзге бірден түсе қоймайтын басқа ой, тұжырым бар. Соны ескеру керек», – деп талап қойды.

Ол кезде Олжастың атағы дүркіреп тұрған шағы, басында Ақатаевтың бұл сөзін жәй ғана Сүлейменовті мақтау, мадақтау деп ұққаным өтірік емес еді. Бірақ тәржіме барысында соның шындығына көзім жетіп, қатты таңырқағам, тамсанғам. Содан бері әдеби туындының астарынан көзге көрінбес, көрінсе де екінің бірі көріп, біле алмайтын тылсым іздейтін бір ниет пайда болған.
Иә, Бауыржан поэзиясын түсінудің, астарлы байламдарды ұғынудың сәті аяқастынан туған. Алдыңғы жылы ақын өлеңдерін орысшаға аудару ісі қолға алынды. Қазақтілді әдебиетші болсақ та, орыс тілін бір қазақтай білеміз, Бауыржанның біраз өлеңін орысша жолма-жол аудармасын (подстрочник) жасауды қолға алғам. Әрі ол өзімнің әдеби таным-талғамым үшін де үлкен олжа болды.
Ақын жырларының тылсымды астарын түсіну сезімі оянып, жұмысқа үлкен ынта-құлшыныспен кірістік. Әр жолдың, әр шумақтың астарында адамды селт еткізер жасырын ой бар! Белгілі ғалым үштілді жетік білетін Сәбетқазының Олжас жазбаларына байланысты айтқан кезі есіме түскені сонда!
Әсіресе «Әжемнің ұршығы», «Иінағаш» сияқты этнотанымдық өлеңдердің көзге көрінбес эмоциялық әсерлері қатты таңғалдырған. Мен жасаған жолма-жол аударманың әдеби нұсқасын белгілі ақын Любовь Константиновна Шашкова жасады. Сол кісінің жұмыс барысында арнайы хабарласып Бауыржан поэзиясы туралы: «Он – великолепный поэт» дегені бар.

Әрине, ол – ақын жырларының өзге тілге аударылған нұсқасы болатын. Тәржіма барысында аудармашыны мезі ететін, жіті танымайтын шығармалармен қоса, қатты таңғалдырып, тамсандыратын «мен де осылай жазсам» деп шабытты оятатын шедеврлер болады. Шашкова ханымның Бауыржан жырларымен жұмыс істегенде, осы сезімдердің соңғысын бастан кешкені анық еді!
Міне, тұжырымның байламы да осы жерден шешілді.
Ретті жерінде Бауыржан Жақып өлеңдерін тәржімалау барысында өзі де талантты, білікті Любовь Константиновна түпнұсқаның мінсіз астарын ұғынып, осындай ақ адал ризалығын білдірді.
Жуковскийден: «переводчик в прозе – раб, а переводчик в поэзии – соперник» деген қанатты сөз қалды. Дарынды Любовь Шашкованың сол сәттегі көңіл күйі сол сөздің мәртебесін асқақтатып тұр. Басқаны қайдам, ақынның, оның ішінде Шашкова сынды қабілетті ақынның өзінен басқа ақынды ашық мойындауы – сирек құбылыс.

Осының өзі-ақ Бауыржан Жақып жырларының бағасын арттыра алады деп ойлаймыз. Жә, бұл ақын шығармашылығының әзірге әдеби қауым көңіл бөле қоймаған бір қыры делік. Ал Бауыржан жырларының түпнұсқалық сыйпаты қандай екен? Ендігі сөз осы турасында.
2021 жылы ақынның «Білте шамның жарығы» атты жинағы жарық көрді. Соңғы кезең ақындарының біразының модернге еліктеп, ежелгі ұлттық болмыстан, бітімнен алшақтап бара жатқанын көріп жүрміз. Соның әсерінен «Қайран Төлеген, қайран Мұқағали!» деп аһ ұратын кездер де көп. Яғни о бастан бауыр басып, таңдай қақтырған этнодүниетанымды жоғалтып барамыз ба деп қиналамыз.
Подстрочнигін жасау барысында барынша терең түсіне бастаған Б.Жақыптың жаңа жыр жинағын үлкен ынтамен, анализ жасай отырып оқып шықтық. Ақиқатында ұмытыла бастаған этноқазақи ақиқаттармен қайта табысып, біраз әдеби жаңалыққа тәнті болдық.
Бір сәтке, әже, тыншып па ең –
Шүйкеге мол жіп жиылып,
Отырушы едің ұршықпен
Уақытты қоса иіріп.
Қолыңнан шыққан сыйлықтар
Қонатын үйге құт болып.
Секундтар және минуттар
Иірілетін жіп болып.
Сен жоқта көңіл серги ме,
Сағындық аңсап, бұл – шыным.
Иесіз қалды төргі үйде
Киелі сенің ұршығың, – деп жазады ақын «Әжемнің ұршығы» өлеңінде. «Ұршық» деген ұғымның техникалық прогресс әсерімен архаизм ауылына ауып кеткен заманында, көзге шүйкеге жүн жиып, ұршық иіріп отырған қасиетті де киелі ақ жаулықты әже елестейді. Прогресі басым делінетін өзгермелі дүниені еріксіз ойға аласың. «Не жоғалттық, не таптық?» деген ой келеді. Нәтижесінде, «өзгерістің бәрі прогресс пе, әлде регресс пе?» деп ойлануға мәжбүр боласың. Біз сөз етіп отырған әр шумақтың, әр өлең жолының ишаралы-мимикалы әсері дегеніміз де – осы!
Құшағын әжем ашып кең,
Құшады бізді керім үн.
Жайраңдап, ағаш қасықпен
Жалаймыз құрттың көбігін.
«Қолтаңба» өлеңінде осындай бір шумақ бар. Құрт қайнатқан әжені төңіректеп, құрттың көбігін жалаған бала да санада жатқан, ұмытылған этнодүниетанымды қайта жаңғыртып, кезеңдік ұйқысынан оятады.

«Әкемнің бөркі – үйімнің көркі» деп толғанады Бауыржан.
Әкемнің бөркі айналдым сенің атыңнан.
Көңілімді бастың көкірегімдегі аһ ұрған.
Қайғының бұлты басымды торлап алғанда,
Сабырға да мені дәл осы бөрік шақырған.
Ақын жырларында табиғат лирикасы басым бағытта. Әрі ол табиғи кереметтерді басқа қырынан көріп, түсінуге ұмтылады. Оған мына «Тобылғы» өлеңі дәлел.
Саясында көде өскен,
Сайға біткен тобылғы.
Желге билеп белестен,
Ойға біткен тобылғы.
Ауылымның көп қырын
Бұтаң басқан тобылғы.
Хош иісті ақ гүлің
Жұпар шашқан тобылғы.
Күлім қағып ақ әжем,
Күбі ыстаған тобылғы.
Таңғы саумал ауамен
Тыныстаған тобылғы.
Мөлдір моншақ таң шығын
Тағып алған тобылғы.
Бабам өрген қамшының
Сабы болған тобылғы.
Махаббат пен табиғи тылсым – егіз ұғым. Махаббат тақырыбына қалам сілтемейтін ақын кемде-кем. Яғни әркім өзінше сүйіп, өзінше ғашық болады. Бауыржанның осы ыңғайдағы танымын біз «Сәмбі тал» өлеңінен ұқтық.
Жапырақтары жиылып,
Тәңіріге сиынып,
Жасыл бешпет киініп,
Жарқабақтан иіліп,
Аққан судың бетінен
Сүйіп алған сәмбі тал.
Бірбіріне үздігіп,
Жігіт сөйлеп, қыз күліп,
Махаббат тұнса ойына,
Мың бұралған бойына
Ғашықтардың бал сырын
Құйып алған сәмбі тал.
«Көк жусан» атты өлеңінде де ұлттық дүиетанымға деген үлкен құрмет бар.
Қасиетіңнен айналайын, көк жусан,
Кешір мені, қала жақтан кеп жұлсам.
Сені иіскеп бастым сағынышымды –
Көкірегімді көз жасыммен көп жусам.
Қасиет бар, жусан, сенде – бір ұлы,
Саған сіңген бозторғайдың шырылы.
Саған сіңген қалғып кеткен қастерлі
Кең даланың кеудесінің сырылы.

Міне, көрнекті ақын Бауыржан Жақыптың жалпы шығармашылығымен қоса, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Білте шамның жарығы» жыр жинағына байланысты түйген тұжырымымыз осындай. Ақынның әдебиеттегі орны мен ерекше бітіміне қатысты пікірімізді өзінің мына бір «Нүкте туралы жырымен» түйіндемекпіз.
Мынау өмір нүктелерден тұрады,
Қара жер де нүктелердің тұрағы,
Көк аспан да нүктелердің тұрағы.
Жалғыз нүкте жауап берер Сен үшін,
Қойылғанда тағдырыңның сұрағы.
Шешіп көрші ойдың жұмбақ, бүкпесін,
Нүктежауап күтеді ел күткесін.
Қарапайым болғанға осы не жетер,
Мен бір – нүкте, сен де достым, нүктесің.
Өмірзақ МҰҚАЙ
ақын-аудармашы,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі