«Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасының берері көп

Жарбол Кентұлы 27 қыр. 2024 00:39 4029

Еліміздегі білім саласы жыл өткен сайын заман талабына сай жаңарып, жаңғырып келеді. Бұл үшін арнайы жоба-бағдарламалар қабылданып, көптеген жұмыстар атқарылуда. Әдетте біздер «білім беру саласында өзгерістер жиі орын алады» деп сын көзбен қарайтынымыз жасырын емес. Шындығында қазіргі таңда әлемдегі білім беру саласы сәт сайын өзгерісті бастан кешуде. Сондықтан білім саласы бойынша қабылданған мемлекеттік жобаларды қуаны қабылдауымыз керек. Бүгінде еліміздің білім беру саласын дамыту мақсатында «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Білікті мамандар бұл жобаны Қазақстанда білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарлама екенін алға тартуда.

«Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы білім беру саласының әр деңгейін қамтитын стратегиялық құжат десек артық айтқандық болмас еді. Жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейту, оқу процесінің тиімділігін арттыру, мұғалімдердің кәсіби дамуы, оқушылардың білім сапасын жақсарту сияқты негізгі мәселелерді шешуге бағытталған.  

Осы ретте Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің оқырманадарына «Білімді ұлт» ұлттық жобасы үш негізгі бағыттан айта кетейік. Бұл жоба бірінші кезекте еліміздегі бастауыш, орта, кәсіптік және жоғары білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ қала мен ауыл арасындағы білім беру деңгейіндегі алшақтықты қысқартуды көздейді.

Екіншіден, орта мектептер мен ЖОО-ларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізу жобада тайға таңба басқандай анық жазылған.

Ал жобаның үшінші бағытында ұстаздар қауымы мен білім беру қызметкерлерінің кәсіби тұрғыдан дамуына жағдай жасау мәселелері қамтылған. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру, олардың мәртебесін көтеру, жас мамандарды қолдау бүгінде маңызды міндетке айналғаны анық.

Жобаның басты мақсаты 2025 жылға дейін Қазақстандағы балалардың 100%-ын мектепке дейінгі біліммен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа балабақшалар салу және білім берудегі жаңашылдықтарды енгізу жұмыстары жүргізілуде.

2025 жылға қарай PISA халықаралық зерттеуінде Қазақстанды әлемнің алғашқы 40 елі қатарына енгізу көзделген. Бұл межеге жету үшін оқыту әдістемелерін жетілдіру, білім беру мазмұнын жаңарту, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты жою шараларын қолға алудың маңызы зор.

Қазақстанның 2022 жылғы PISA нәтижелеріне назар аударсақ, оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша 15 жасар оқушылардың білім деңгейін бағалау еліміз  81 мемлекеттің арасында 51-ші орынды иеленгенін байқаймыз. Нақтырақ айтсақ, математикадан 47-ші, оқудан 61-ші, жаратылыстанудан 49-шы орынға орналасқан. Бұл көрсеткішті бұған дейінгі жылдармен салыстырсақ, жағдайдың біршама жақсарғанын байқауға болады. Өйткені, 2018 жылы Қазақстан 69-шы орынды місе тұтқан болатын. Мұндай ілгерілеуге біздер білім саласын дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қол жеткізгенімізді ұмытпауымыз керек.

«Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы білім беру сапасының артуы мұғалімдердің мәртебесін көтеру, оқу бағдарламаларын жаңарту және сандық технологияларды кеңінен қолдану сынды маңызды міндеттерді жүзеге асыруға ықпал етуде. Сонымен қатар, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру алшақтығы азая түсті, бұл білім беру сапасының біртіндеп жақсаруына себепші болды​.

Мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, қауіпсіздік жүйелерін орнату, спорттық және мәдени іс-шараларды көбейту де жобада кең көлемді көрініс тапқан.

2023 жылы елімізде мектеп жасына дейінгі балалардың 94%-ы балабақшаға бараған. Мектепке дейінгі мекемелердің саны да айтарлықтай өсіп, соның ішінде жеке меншік балабақшалардың саны артып отыр. Ең бастысы қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту үшін ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Қазір оқушылардың 75%-ы заманауи кабинеттер мен зертханаларда білім алуда. Бұл – көрсеткішті Оқу ағарту министрлігі алдағы жылдары 100%-ға жеткізу көздеп отыр. Осы ретте білім ошақтарын сапалы интернетпен қамту деңгейі де айтарлықтай өсіп, оның деңгейі қазіргі таңда 99%-дан асты. Осылайша «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасының аясында еліміздегі мектептер үшін интернет қолжетімді дүниеге айналды.

Қорыта айтқанда, «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы Қазақстанның білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеріп келеді. Жоба сапалы білімге қолжетімділікті арттырып, цифрлық сауаттылықты дамытуға және мұғалімдер мен оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталуда. 2025 жылға қарай жобаның барлық мақсаттары жүзеге асса, Қазақстан білім беру сапасы жағынан айтарлықтай алға жылжып, халықаралық деңгейде лайықты орын ала алады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар