Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті елордадағы бірқатар сауда базарларында жүргізілген жоспардан тыс тексерулерді аяқтады. Тексеріс Ұлжан», «Алтай», «Сарыарқа», «Алаш» және «Шарын» базарларын қамтыды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының, Ішкі сауда қағидаларының және ұлттық стандарттардың талаптары сақталмағаны анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша базар иелеріне ескерту беріліп, оларды жою жөнінде орындауға міндетті нұсқамалар табысталды. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін Департамент нұсқамалардың орындалуына бақылау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процестік шаралар қабылданады.
Бұл тексерулер сауда базарларын жаңғыртуға мемлекет белгілеген өтпелі кезеңнің аяқталуына байланысты жүргізілді. Жаңа талаптар күшіне енгенге дейін базар иелеріне сауда нысандарын заңнама талаптарына сәйкестендіру үшін бірнеше жыл уақыт берілген болатын.
«Жалға беруші де, сатушы да ең алдымен сатып алушы үшін жұмыс істейтінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан тұтынушының жайлылығы туралы қазірден бастап байыппен ойланатын уақыт келді. Тұтынушыға қолайлы әрі жайлы жағдай жасалған сайын, базарлардағы сауда-саттықтың да қарқыны арта түседі», – деді Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашев.
2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 10-бабының 2-2-тармағының талаптары толық көлемде қолданысқа енгізілді. Заңға сәйкес, елордада, республикалық және облыстық маңызы бар, сондай-ақ халқы 100 мыңнан асатын қалалардағы әмбебап сауда базарлары стационарлық сауда объектілерінде жұмыс істеуге тиіс. Ашық үлгідегі бейстационарлық конструкцияларды сауданың негізгі форматы ретінде пайдалану енді заң талаптарына сәйкес келмейді.
2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін базар иелеріне сауда нысандарын жаңғырту және қайта жарақтандыру жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік берілді. Осы жұмыстарды үйлестіру мақсатында сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасы бекітілді. Астана қаласы бойынша бұл жол картасына «Ұлжан», «Алтай», «Шанхай (Көк базар)», «Сарыарқа», «Орталық базар», «Алаш» және «Шарын» базарлары енгізілді.