Әлеуметтік желілерде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған ұжымдық үндеу тарады. Оның авторлары өздерін Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері ретінде таныстырып, министр Жұлдыз Сүлейменованы қызметінен босатуды талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үндеу авторлары министрлікте қысым күшейіп, жаппай жұмыстан шығару жүріп жатқанын және ұжымның басшылыққа деген сенімі жоғалғанын алға тартқан. Үндеуде Жұлдыз Сүлейменова қызметке келгеннен кейін ведомстводағы ахуал күрт нашарлағаны айтылған. Авторлардың сөзінше, бұрынғы қалыпты жұмыс атмосферасының орнына қорқыныш, күйзеліс пен белгісіздік орнаған.
Сондай-ақ хатта министр қызметке кіріскен алғашқы күндерден бастап басшылық құрамдағы қызметкерлер жұмыстан босатыла бастағаны жазылған. Үндеу авторлары қызметінен кеткен немесе жұмыстан шығарылу алдында тұрған департамент директорлары мен ведомствоға қарасты ұйымдардың басшыларын да атап өткен.
Бұдан бөлек, хатта министрдің басқару стиліне қатысты да сын айтылған. Авторлардың мәлімдеуінше, жиналыстар кезінде қызметкерлерге эмоциялық қысым көрсетіліп, дауыс көтеріліп, олардың жұмысы көпшілік алдында сыналады. Сонымен қатар қызметкерлердің түнге дейін жұмыс істеуге мәжбүр болатыны, демалыс күндері тапсырма алатыны және «министрдің жеке қалауларын орындауға» міндеттелетіні айтылған.
Үндеу иелері мемлекет басшысынан Жұлдыз Сүлейменованы шұғыл түрде қызметінен босатуды, аноним түрде куәлік беруге дайын қызметкерлерді қорғауды және министрліктің қалыпты жұмысын қалпына келтіруді сұраған.
Министрлік не деді?
Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік желіде тараған хаттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомствоның баспасөз қызметі бұл құжаттың жалған екенін айтып, онда келтірілген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.
«Әлеуметтік желіде әртүрлі жаңалық порталдары мен блогерлер арқылы тараған шағым ресми тіркелмеген, осыған орай оны тарату және жариялау фактілері бойынша, сот органдары және құқық қорғау органдарына тиісті талап арыздар жолданатын болады», – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.