Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау мәселесі әлі талқыланып жатыр. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, бастауыштағы оқушылардың білімі формативті бағалау арқылы бағалануы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі видеосында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің сөзінше, бұл өзгеріс оқушылардың білімін бағалаудан толық бас тарту дегенді білдірмейді. Мектептерде күнделікті формативті бағалау сақталады. Яғни мұғалімдер оқушының оқу материалын қалай меңгеріп жатқанын, сабақтағы белсенділігін, мәтінді түсінуін және жалпы үлгерімін бақылап, дер кезінде кері байланыс беріп отырады.
Ал бөлім соңында және тоқсан аяқталғанда өткізілетін БЖБ мен ТЖБ-ның бастауыш сынып оқушылары үшін қаншалықты қажет әрі тиімді екені қайта қаралмақ.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бастауыш мектептегі негізгі мақсат – баланы баға арқылы қысымға түсіру емес, оның мектепке, оқуға және жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасау. Министр бастауыш кезең баланың білімге қызығушылығы қалыптасатын маңызды уақыт екенін атап өтті.
«Бастауыш мектеп – баланың мектеп өміріне бейімделіп, білім алуға және құрдастарымен қарым-қатынас орнатуға үйренетін ең маңызды кезең. Сондықтан бүгінде бастауыш сыныптардағы барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесін жан-жақты талқылап жатырмыз», – деді министр.
Оның айтуынша, әлемнің көптеген елінде бастауыш сынып оқушылары Қазақстандағыдай жиынтық бағалау жүйесімен оқымайды. Ал елімізде балалар 2-сыныптан бастап БЖБ және ТЖБ тапсырады.
Министр бұл бастаманың тағы бір маңызды жағы мұғалімдердің жүктемесін азайту екенін айтты. Қазір бастауыш сынып педагогтері әр пән бойынша БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын дайындап, кейін оларды тексеруге көп уақыт жұмсайды.
Жұлдыз Сүлейменова бұл уақытты балалармен жеке жұмыс істеуге, білімдегі олқылықтарды толықтыруға және оқушылардың қабілетін дамытуға бағыттауға болатынын жеткізді.
«Қазір бастауыш сынып мұғалімдері барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын әзірлеп, кейін олардың барлығын тексеруге көп уақыт жұмсайды. Мыңдаған жұмысты тексеру педагогтерге айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол уақытты балалармен жеке жұмыс істеуге, олардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға және қабілеттерін дамытуға жұмсауға болар еді. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз», – деді министр.
Әзірге бұл бастама бойынша нақты шешім қабылданған жоқ. Министрдің айтуынша, мәселе тамыз айында өтетін дәстүрлі педагогтердің тамыз кеңесінде кеңінен талқыланады.
Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді, сарапшыларды және ата-аналарды осы ұсынысқа қатысты пікір білдіруге шақырды. Оның сөзінше, барлық ұсыныс білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған түпкілікті шешім қабылдау кезінде ескеріледі.