Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, ведомство бастауыштағы бағалау жүйесіне қатысты халықаралық тәжірибені зерделеп жатыр. Оның сөзінше, көптеген елде бастауыш сынып оқушыларына мұндай бағалау түрлері қолданылмайды.
Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, бастауыш кезеңде балаларды бағалаудан гөрі олардың оқуға деген қызығушылығын арттыру, мектепке бейімделуі мен қарым-қатынас дағдыларын дамыту маңызды. Министрлік формативті бағалауды сақтауды көздеп отыр. Ол арқылы оқушының материалды қаншалы меңгергені, оқу дағдылары бағаланбақ.
"Бүгінде бастауыштағы барлық пәндегі бөлім бойынша бағалауды, тоқсан бойынша бағалауды алып тастау мәселесін кеңінен талқылап жатырмыз", - деді шенеунік.
Сондай-ақ, бұл бастама мұғалімдердің жүктемесін азайтуды да көздейді. Министрдің айтуынша, бастауыш сынып мұғалімдері барлық пән бойынша мыңдаған бағалау жұмысын тексеруге мәжбүр, бұл олардың балалармен тікелей жұмыс істеу уақытына әсер етеді.
Бұл мәселе тамыз кеңесінде жан-жақты талқыланып, шешімін таппақ.