1 шілдеден бастап еңбек демалысына шыққан ақтөбелік мұғалімдер осы уақытқа дейін тиісті қаражаттарын ала алмай жүргендерін айтып шағымданды, деп хабарлайды dalanews.kz "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
"1 шілдеден бастап мектеп педагогтері заңды жылдық еңбек демалысына шықты. Бірақ көбісі демалыс ақысын әлі алған жоқ. Бізге "ақша жоқ" деп айтады. Педагогтер үшін демалыс - сән-салтанат немесе қосымша артықшылық емес, заңмен кепілдендірілген құқық. Демалыс ақысы мұғалімдерге азық-түлік, коммуналдық қызметтер, емделу және туыстарына бару сияқты негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді. Төлемдер болмаса, демалыс күш жинайтын уақытқа емес, уайым мен белгісіздік кезеңіне айналады", - делінген мұғалімдердің газет редакциясына жолдаған хатында.
Білім басқармасы демалыс ақысы демалыс басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын төленуі тиіс екенін растады.
"Бірақ бұл бізге емес, бюджеттің кіріс бөлігінің түсуіне байланысты. Біз кесте құрдық, 1-10 шілде аралығында демалысқа шыққандарға ақшаны кезең-кезеңімен төлеуге дайынбыз, бірақ бұл тек бюджеттен қаражат түскен кезде ғана жүзеге асады", - деп жауап берді білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаева.
Сондай-ақ, ол 1 маусымнан бастап демалысқа шыққандардың жалақысы мен демалыс ақысын толық алғанын атап өтті.
"Шілде айының төлемдерін күтіп отырмыз. Сұратылған сома шамамен 5 млрд теңгені құрайды", - деді білім басқармасы басшысының орынбасары.
Басқарма мұғалімдердің демалыс ақысы 10 шілдеге дейін түседі деп уәде берді.