Бүгін Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Түркістан облысының әкімдігі «NAURYZFEST» мерекелік іс-шарасын ұйымдастырды. Айтулы шараға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысып, сәттілік тіледі, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Концерт алаңына жиналған қауымға ұлттық тағамдар ұсынылып, өңірдің туристік әлеуеті қамтылған үнпарақтар таратылды.
Түркістан облысының шығармашылық ұжымдары қазақ халқының таңдаулы ән-күйі мен биін көрермендерге паш етіп, қошеметке бөленді. Айталық, «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, «Яссы» би ансамблі, «Таңба» этноквартеті және әншілер Бейжің халқы мен Қытай қазақтарына рухани серпіліс сыйлады.

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бірлесіп үйлестіруімен өткізілген «NAURYZFEST» іс-шарасына өңірдің өнерпаздары, туризм және мәдениет саласының өкілдері атсалысты.

28 наурыз күні Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстанның ресми ашылуы басталған болатын. Халықаралық туристік көрмеге Түркістан облысы белсене қатысып, өңірдің туристік өнімдерін үздік танытқаны үшін 2-орынды иемденді.