Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимовпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен әлеуеті жайлы мәселелерді талқылады,деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми делегацияны жылы қарсы алған өңір басшысы Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары жайлы қысқаша айтып берді.
"Жетісу - аграрлық аймақ. Біз қант қызылшасы, жүгері, бидай, майлы дақылдар, ет, сүт сияқты өзімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 65%-ын өңдейміз. Облысымыздың өндірістік әлеуеті жақсы. Біз кремний, шойын, қорғасынды-қышқылды аккумулятор батареяларын, темірбетон бұйымдарын, мәрмәр үгінділерін, шифер және басқа да тауарларды экспорттаймыз. Сонымен қатар Жетісу облысы тиімді геостратегиялық және геоэкономикалық жағынан ерекшеленеді. Жетісу - Қытаймен арадағы шекарада 5 кеден бекеті бар республикадағы жалғыз өңір. Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансконтинентальды автобаны біздің территория арқылы өтеді. Сондай-ақ біздің аумағымызда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы орналасқан. Туризм саласында да үлкен әлеуетіміз бар. Яғни Алакөл, Балқаш көлдерінің жағалауы, сол сияқты экологиялық және тау туризмі де белсенді дамып келеді. Жалпы өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп - жалпы 5 стратегиялық бағытта инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Б.Исабаев.
Өз кезегінде Бахтиер Ибрагимов жылы кездесу үшін алғысын білдіріп, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтудің мүмкіндіктерін атап өтті. Сол сияқты Өзбекстанды дамытудағы басымдықтардың бірі саналатын туризм саласында тәжірибе бөлісуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ елші мырза Жетісудан ет экспорттауға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар өңірлік ынтымақтастықтың алдағы мүмкіндіктерін талқылай отырып, тараптар бұл таныстық кездесу экономикалық, сауда және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Жетісу облысына жасаған сапары барысында Өзбекстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі бастаған ресми делегация Талдықорғанда бизнес-қауымдастықпен кездесті, ал ертең «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Қорғас» ШЫХО, сондай-ақ «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің жұмысымен танысады.
Атап өтсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 17 млн. АҚШ доллары көлемінде болды.