Бензин 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін

Dalanews 28 қар. 2019 06:16 857

Бензиннің бағасы 160 теңге болмақ. Халық жиі қолданатын жанармайдың құны жыл соңына дейін өсуі мүмкін. Оған себеп акциздердің көтерілуі. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында экономика министрлігі мәлімдеді. Ал, бензин қымбаттаса, бәрі қымбаттайды емес пе?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Бензин бағасы 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін". Мұндай ақпаратты Үкіметте ұлттық экономика министрлігінің өкілі мәлімдеді. Азамат Әмриннің айтуынша, үкіметтің қаулысына сәйкес, акциздер 8-ден 18 теңгеге дейін өседі. Егерде желтоқсан айының басында аталмыш қаулы қабылданса, бензин литрінің құны 150 теңгеден 160-қа дейін бір-ақ шарықтайды.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры:
"Біз акциз ставкасын 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтереміз, демек бір литр бензин құны 10 теңгеге өседі, яғни акциздер 8-ден 18 теңгеге дейін қымбаттайды. Осылайша, баға шамамен 6% өседі. Сонда 150 теңгелік бір литр бензин 160 теңгеге дейін өседі. Бірақ бұл жерде акциздік құн бензин бағасының жалғыз құрамдас бөлігі емес екенін баса айта кеткім келеді".

Айта кетейік, қымбатшылық АИ-92-ші бензиніне ғана тиесілі болмақ. Бағаның бұлайша өсуіне еліміздегі түрлі әлеуметтік мәселелерге жұмсалған шығындар себеп екен. Сондай-ақ, жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-на халық интернет арқылы қол жеткізеді. Бұл жайында министр Асқар Жұмағалиев мәлімдеді. Ал премьер-министр Асқар Мамин биылғы жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалғанын айтып, бірнеше ведомство басшыларына тез арада мәселені қолға алуды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:
"Биылға жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалған. Ал қалған 50% ұзаққа созылып кетті немесе оларға бюджетті жоспарлау сапасы төмен. Қаржы, Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Экология, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері жыл соңына дейін Жоспардың 100% орындалуын қамтамасыз етуі қажет".

Ал 2016 жылдан бері жұмыс орнында смартфон пайдалануға тиым салынған мемлекеттік қызметкерлерге енді байланыс құралдары қайтарылады. Тек мемлекеттік органдар орналасқан ғимарат иелері полицейлермен келісімге келуі тиіс. Содан кейін ғана оны қолдануға пәрмен берілмек, дейді Асқар Жұмағалиев.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
"Қаулы бүгін бекітілді. Ғимарат иелері мен полиция таяуда нұсқаулыққа қол қояды. Тек осы сәтте ақпараттық қауіпсіздік мәселесін назардан шығармау керек".

Сондай-ақ, жаңа үш цифрлық вице-министр тағайындалу көзделуде. Атап айтқанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктеріне жаңа орынбасарлар келеді.

Олардың нақты кім болатыны және де қандай қызмет атқаратыны жайлы ашып айтпады,сондықтан жаңа басшылар жайлы ақпарат алдағы уақытта белгілі болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар