"Бельгияға кеткен екінші Жәнібек бар": Журналист асырап алынған бала туралы тың дерек айтты

Dalanews 19 қаң. 2024 14:24 1011

Бүгінде шетел асқан қазақ балаларының тағдыры көпті толғандырып тұрғаны жасырын емес. Соның ішінде бельгиялықтар асырап алған Жәнібек есімді бала әлі күнге анасын таппады. Алайда күн сайын түрлі дерек пен шындық ашылып жатыр. Танымал журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желідегі парақшасында тағы бір ақпаратты жариялады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Қостанай облысы Арқалық қаласынан шетелге, соның ішінде Бельгияға кеткен Жәнібек есімді тағы бір бала бар. Бұл жолы оның анасы, нағашы жұрты табылыпты.

"Арқалықтан Бельгияға кеткен асыранды балалар ішінде Жәнібек есімді тағы бір баланың болғаны анықталды. Екінші Жәнібектің туған анасы, нағашылары табылды, бүгін ДНҚ анализ тапсырды.  Шақшақ Жәнібектің құрметіне аталып, туған жер мен анасынан, діні мен тілінен жырақтап кеткен Жәнібектер", - деп жазды журналист.


Бельгиялықтар асырап алған Жәнібектің жағдайы бүкіл қазақ жұртын ойландырып тастаған еді. Бұл ақпаратты алғашында Олжас Беркінбаев әлеуметтік желіде жариялады. Кейін "Бармысың, бауырым?" бағдарламасы баланың анасын іздеу бағытында жұмыс істеді. Жәнібек виза мерзімі аяқталуына байланысты туған жерінен кетуге мәжбүр болды. Бірақ іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сурет: Қымбат Досжанның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар