Белгілі журналист Гүлбану Әбенова депутат Ардақ Назаровты жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист Назаровты тікелей эфирге қосылып, маңызды сұрақтарға жауап беруге шақырды.
"Мен, журналист ретінде, сізді ММА ережесі бойынша ашық жекпе-жекке шақырамын. Шығыңыз тікелей эфирге - сол біздің октагонымыз болсын! Сөз жеткілікті. Бос әңгімеден, ертегіден және күмәннен шаршадық. Халыққа көп уәде бердіңіз, көп сөз айттыңыз. Енді сөз емес, іс қажет. Тікелей эфирде менің сұрақтарыма жауап беріңіз: сіздің біліміңіз, еңбек жолыңыз, өмірбаяныңыз - бәрі халық алдында ашық айтылсын", - дейді журналист.
Ол Назаровқа қолғаптың орнына дипломдарын, студент кезіңізде түскен суреттерін ала келуін айтты.
"Курстастарыңызбен түскен фотоларыңызды көрсетіңіз. Халық бәрін өз көзімен көрсін. Бұл - тек жекпе-жек емес. Бұл - шындық, әділет пен ақиқат үшін айқас. Сіздің жұдырығыңызда халық тұр деп мақтанасыз, ал менің қаламымда халық тұр. Халықты алдамағаныңызды дәлелдеңіз. Егер шынымен ер азамат болсаңыз - октагонға шығып, соны дәлелдеңіз! Мені «тәтешка» деп сылтау айтушы болмаңыз! Еркек болсаңыз - шығыңыз!", - дейді Әбенова.