Бельгия королі мен патшайымы қазақ халқының тарихымен танысты

Бельгия королі мен патшайымы қазақ халқының тарихымен танысты
Akorda.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралап, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасымен танысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәртебелі қонақтар музейдің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың тарихын таныстыратын экспозицияларды тамашалады. Әсіресе, Алтын залға назар аударылды. Онда Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», сондай-ақ Берел, Талды-2, Тақсай және Шілікті қорғандарынан шыққан алтын бұйымдар қойылған.

Этнография залында Бельгияның корольдік жұбы қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмысы, материалдық және рухани мәдениеті туралы мәлімет алды.

Сондай-ақ қонақтарға бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары ұсынылды. Сапар соңында король Филипп пен патшайым Матильда Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.