Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан 15 итбалықтың өлексесі табылды. Олардың неден өлгені әзірге белгісіз. Бұл туралы 13 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары 12 қазанда Түпқараған ауданындағы Баутин ауылының батыс жағалауын тексеру кезінде жануарлардың өлекселерін анықтаған. Бұған дейін, 11 қазанда Ақтау тұрғыны Баутин ауылы маңындағы ұзындығы 2,5–3 шақырым болатын жағалаудан бірнеше итбалықтың өлексесін көргенін хабарлаған. Ол түсірген фотосуреттерін Lada.kz басылымына жолдаған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Экология департаменті мамандары теңіз суы мен топырақтан сынама алған. Жақын арада санитарлық талаптарды сақтай отырып, жағалауды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Итбалықтардың қырылу себебі зертханалық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады.
Министрлік мамандарының түсіндіруінше, көктем мен күзде соғатын солтүстік-батыс және батыс бағытындағы қатты жел итбалықтардың өлекселерін теңіз жағалауына шығарып тастауы мүмкін.