Астанада және Қазақстанның өзге өңірлерінде Telegram арқылы есірткі сатқан ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі 16-17 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көлік полициясы департаменті мен Бас көлік прокуратурасы бірлесіп, Telegram мессенджеріндегі «Pitbullshop» интернет-дүкені арқылы есірткі таратқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Жедел іс-шаралар барысында жасы 25 пен 40 аралығындағы бес адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, топ мүшелерінің әрқайсысы белгілі бір міндет атқарған. 35 жастағы ұйымдастырушы есірткі жеткізу мен қаржы айналымын бақыласа, 26 жастағы қатысушы интернет-дүкеннің жұмысын жүргізіп, оны ілгерілетумен айналысқан.
Ал 25 және 40 жастағы екі ер адам есірткіні бөліп өлшеп, орап, жасырын орындарға жеткізген. Тағы бір қатысушы есірткіні бөлшек саудамен өткізіп, жаңа курьерлерді тартқан.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, топтың қызметі кезінде шамамен 2 мың жасырын есірткі қоймасы ұйымдастырылған. Заңсыз саудадан түскен жалпы қаражат 90 миллион теңгеден асқан.
Өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталған кезде полиция қызметкерлері 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тәркілеген. Бұдан бөлек, есірткіні орауға арналған материалдар, электронды таразылар, банк карталары, ақша және қылмыстық әрекетке пайдаланылған өзге де заттар алынған.
Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. Топты ұйымдастырған адам 17 жылға, қалған төрт қатысушының әрқайсысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды.