2027 жылы Қостанай облысына республикалық бюджеттен 423,8 млрд теңге субвенция бөлінбек. Биыл өңірге 349,6 млрд теңге қарастырылса, келесі жылы бұл сома 74,2 млрд теңгеге ұлғаймақ. Қостанай облысында ауыл шаруашылығы, тау кен өндірісі және автомобиль құрастыру салалары дамыған. Соған қарамастан, өңірдің өз кірісі барлық шығынын өтеуге жетпей отыр. Сондықтан республикалық бюджеттен берілетін субвенция көлемі жыл сайын артып келеді. Dalanews.kz редакциясы Қостанай облысының орталық бюджетке тәуелді болуына әсер етіп отырған негізгі мәселелерге талдау жасады.
Субвенция төрт жылда 105 млрд теңгеге артпақ
Ресми құжаттарға көз жүгіртсек, Қостанай облысына берілетін субвенция көлемі кейінгі жылдары тұрақты өсіп келеді. 2024 жылы өңірге республикалық бюджеттен 318,9 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл сома 340,7 млрд теңгеге жеткен. 2026 жылға 349,6 млрд теңге қарастырылған, ал 2027 жылы субвенция көлемі бірден 423,8 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ. Нәтижесінде төрт жылдың ішінде Қостанай облысына бөлінетін қаржы шамамен 105 млрд теңгеге көбейеді.
Айта кетейік, субвенция республикалық бюджеттен облысқа қайтарымсыз берілетін қаржы. Ол өңірдің өз кірісі барлық шығынын өтеуге жетпеген жағдайда бөлінеді.
Облыс өз шығынын өзі өтей алмай отыр
Қостанай облысының экономикалық мүмкіндігі мол. Өңірде темір кені өндіріліп, автомобиль құрастырылады, астық өсіріледі. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында облыста 2,07 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылған. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайыз көп.
Алайда өндірістің өсуі облыстық бюджетке түсетін кірісті дәл сондай көлемде арттырмаған. Ауыл шаруашылығы салық жеңілдіктері мен мемлекеттік қолдауға сүйенеді. Ал шалғай аудандарда бюджетке тұрақты кіріс әкелетін кәсіпорындар мен шағын бизнес аз. Сондықтан облыстағы ірі өндіріс орындарының экономикалық айналымы өңірдің барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығынын жабуға жетпейді.
Қостанай, Рудный және Лисаков қалалары өз кірісінің бір бөлігін облыстық бюджетке аударады. 2026 жылғы бастапқы бюджетте аудандар мен қалалардан облыс қазынасына 103,5 млрд теңге түседі деп жоспарланған. Бірақ бұл қаражат бүкіл өңірдің қажеттілігін өтеуге жеткіліксіз.
Демек мәселе Қостанайда өндірістің жоқтығында емес. Негізгі түйткіл облыстағы экономикалық өсімнің жергілікті бюджетке жеткілікті кіріс әкелмеуінде. Әкімдік жаңа кәсіпорындар мен инвестициялық жобалар туралы жиі есеп бергенімен, олардың пайдасы облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін азайтатындай деңгейге әлі жеткен жоқ.
Халық саны азайып жатыр
Қостанай облысының ең өзекті мәселелерінің бірі халық санының жылдан жылға азаюы болып отыр. 2026 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша өңірде 819,1 мың адам тұрған. Жылдың алғашқы жеті айында 4373 бала дүниеге келсе, 4832 адам қайтыс болған. Осылайша қайтыс болғандар саны туғандардан 459 адамға асып түскен.
Өңірдегі көші-қон ахуалы да күрделі. Қаңтар мен шілде аралығында облыстан кеткендер саны көшіп келгендерден 1897 адамға көп болды. Оның басым бөлігі Қазақстанның өзге өңірлеріне қоныс аударған.
Құмар Ақсақалов Қостанай облысын 2022 жылдан бері басқарып келеді. Осы кезеңде өңірде инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылғаны хабарланды. Алайда ресми статистика халық санының азаюы мен көші-қонның теріс көрсеткіші әлі де сақталып отырғанын көрсетеді.
Халық санының азаюы облыстың демографиялық жағдайынан бөлек, экономикасы мен бюджетіне де әсер етеді. Өңірден еңбекке қабілетті азаматтар көшкен сайын жұмыс күші мен салық төлейтін тұрғындар саны кемиді. Тұтынушылар азайған соң сауда мен қызмет көрсету саласының дамуы баяулап, шағын бизнестің табысы да төмендейді. Нәтижесінде жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі қысқарады.
Жұмыссыздық деңгейі
2026 жылдың екінші тоқсанында Қостанай облысындағы жұмыссыздар саны 20 442 адамға жетті. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Ал 1 қыркүйекте жұмыспен қамту органдарында 10 603 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Жоғары жалақы төленетін қызметтердің басым бөлігі Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларындағы ірі өндіріс орындарына шоғырланған. Шалғай аудандарда жұмыспен қамту мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, тұрғындардың, әсіресе жастардың ірі қалаларға көшуі жалғасып отыр.
Тозған желілер
Қостанай облысының әкімдігі 2025 жылдың қорытындысында қала мен ауыл тұрғындары сумен толық қамтылғанын хабарлады. Алайда өңірдегі барлық елді мекен орталық су құбырына толық қосылмаған.
Облыстағы 492 ауылдың 250-інде ғана орталықтандырылған су жүйесі бар. Қалған ауылдар блок-модульдер, су тарату пункттері, тасымал су, құдықтар мен ұңғымаларды пайдаланады. Сонымен қатар су құбыры желілерінің 29,9 пайызы, кәріз желілерінің 57,9 пайызы тозған. 2026 жылы іске асырылатын жобалар бұл көрсеткіштерді небәрі 0,2 пайызға төмендетпек. Жылу желілерінің тозуы да 43 пайызды құрайды.
Экологиялық мәселе де көңіл көншітпейді
Қостанай қаласындағы ауа сапасына қатысты мәселе де бұрыннан көтеріліп келеді. Экология министрлігі қаладағы ауаның ластану деңгейін жоғары деп бағалаған. Олардың мәліметінше, 2024 жылы Қостанай облысында 373 заңсыз қоқыс орны анықталған. Оның 354-і жойылғанымен, 19 орын тазартылмай қалған.
Сол жылы облыста коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 21,1 пайызды құрады. Яғни жиналған қоқыстың төрттен бір бөлігі де қайта өңделмеген.
Егер әкімдік себептің алдын алмай, салдарымен ғана күрессе, экологиялық проблема тұрақты шығын көзіне айналуы мүмкін.
Маман тапшылығы
Қостанай облыстық білім басқармасының ішкі талдауында өңір мектептеріне ағылшын тілі, математика, бастауыш сынып, информатика, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері жетіспейтіні көрсетілген.
Ауылдық жерлерде медицина мамандарын тұрақтандыру мәселесі де облыстық мәслихатта көтерілді. Депутаттар әлеуметтік қолдау алған медицина қызметкерлеріне қойылатын талаптарды және олардың елді мекендерде жұмыс істеуіне жасалған жағдайды қайта қарау қажет екенін айтқан.
Бұл жағдай облыста маман даярлау ғана емес, оларды ауылда ұстап қалу саясаты да жеткілікті нәтиже бермегенін көрсетеді. Мұғалім мен дәрігер жетіспеген жерде білім мен медициналық қызметтің сапасын көтеру қиын.
Осы тұста идеологиялық және мәдени жұмыстың нәтижесіне де тек өткізілген іс-шаралар санымен баға беру жеткіліксіз. Өңірге деген сенім форумдар мен ұрандар арқылы емес, тұрақты жұмыс, сапалы білім, қолжетімді медицина және жайлы өмір сүру ортасы арқылы қалыптасады. Жастар туған жерінен болашақ көрмесе, кез келген идеологиялық бастама мазмұнын жоғалтады.