12-15 қазан аралығында Астанада Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) миссиясы өтіп жатыр. Халықаралық сарапшылар Қазақстанға атом электр станциясын салуға қажетті инфрақұрылымды кешенді бағалауға дайындалуға көмектеседі. Бұл туралы Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Миссия барысында сарапшылар Қазақстанның ұлттық өзін-өзі бағалау есебін талқылап, ондағы мәліметтерді нақтылайды. Сондай-ақ елдің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жасайтын негізгі INIR миссиясына дейін атқарылуы қажет жұмыстарды айқындайды.
Бағалау бағдарламасы 19 бағытты қамтиды. Олардың қатарында ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық нысандарды қорғау, заңнамалық база, қаржыландыру, мамандар даярлау, электр желілерінің дайындығы және ядролық отын цикліне қатысты мәселелер бар. Жұмысқа Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы және «Қазатомөнеркәсіп» өкілдері қатысады.
Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу жоспарланған. Алғашқысы – Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында бой көтеретін «Балқаш» АЭС-і. Жобаны жүзеге асыратын консорциумның жетекшісі ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы таңдалған.
2026 жылғы 3 қыркүйекте «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы «Росатомның» еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспортпен» АЭС жобалау, жабдықтау және құрылысын жүргізу жөніндегі келісімшартқа қол қойған. Жоба бойынша ВВЭР-1200 үлгісіндегі екі энергоблок салу көзделген. Станцияны 2035-2036 жылдары пайдалануға беру жоспарланып отыр.