«Белдікпен қылғындырды»: Алматыда ІІМ курсанты 17 жастағы қызды азаптағаны үшін айыпталуда

Көркем Алдабергенова 03 жел. 2025 11:55

Алматыда Ішкі істер министрлігі академиясының 18 жастағы курсанты бұрынғы сүйіктісін далаға апарып, көлік белдігімен буындырмақ болды деген айыпқа ілікті. Зардап шегуші 17 жастағы Элина оқиғаның қалай болғанын айтып берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, қыздың сөзінше, сенбі кешінде Биғали есімді жігіт оны қала шетіне апарып, ұрып-соққан, белдікпен қинамақ болған. Қорқыту әрекеті шектен шыққан: жігіт қызды өртеп жіберемін деп қорқытқан. Элина мұның бәріне қызғаныш себеп болды дейді.

«Көліктен қашып шыққанымда, ол арттан қуып жетіп, қолмен көтеріп, аяқпен тепті: қабырға, іш, арқаға. Жерге құлаған кезде аяқ киімімді далаға шашты. Кейін «ит, тауып кел» деп айқайлады», – дейді қыз.

Элина мен Биғали сегізінші сыныптан бірге болып, қарым-қатынас төрт жылға созылған. Қыздың айтуынша, бұрын да жігіт жиі қол көтерген. Ажырасу туралы айтқанда, ол Элинаның өзіне және отбасына зиян келтіретінін ескерткен.

«Мені шашымнан сүйреп, жермен сүйреп машинаға апарды. Тырнағыммен топырақты тырнап, тоқтауға тырыстым. Машинаға отырғанда белдікпен қылғындырмақ болды. Әкемді, әпкемді өлтіремін деп қорқытты», – дейді Элина.

Қыздың ата-анасы оның ми шайқалуына және дене жарақаттарына күмән келтірмейді. Олар бірден полицияға арыз түсірген, алайда Биғалидің анасы арызды қайтарып алуға көндірген.

«Анасы келіп, «Екеуі де кінәлі, сүйген соң солай болады. Ол өзі сондай адам» деді. Біз ақымақтықпен арызды алдық. Енді қызымның жанына жолатпаймыз», – дейді Элинаның анасы.

Полицияда қыз бен оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алынған. Алайда арыздың қайтарып алынуы және сот-медициналық сараптамадан бас тартылуына байланысты іс тоқтатылған. Алматы ПД хабарламасында:

«Жәбірленуші ата-анасымен бірге арыз беруден және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Көрінетін жарақат тіркелмеді. Осы жағдайларды ескеріп, іс заң тәртібімен тоқтатылды», – делінген.

Курсанты ІІМ академиясынан шығарып жіберген. Элина амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Ата-анасы қайтадан полицияға арыз түсіріп, кінәлі адамды жауапқа тартуды талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар