2025 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бюджет 6,9 трлн теңгемен толықты. Бұл соманың басым бөлігі, яғни 5,2 трлн теңге – салық түсімдерінен құралған. Жалпы бюджеттің орындалуы формальды түрде 93%, ал салық жинау жоспары 111% орындалып, үлкен көрсеткішке қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кету керек, бұл табысқа жетуде республикалық бюджеттен гөрі, аймақтар бюджетіндегі көрсеткіштердің үлесі айқын байқалады. Өңірлер корпоративтік табыс салығын (КПН) жоспардан 137%-ға, жеке табыс салығын (ИПН) 126%-ға, әлеуметтік салықты 121%-ға асыра орындаған. Мұның бәрін Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 1 наурызда ұсынған республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебінен көруге болады.
Мемлекеттік бюджет шығындары жоспардағы 6,7 трлн теңгенің шегінде қалып, тіпті 78 млрд теңге профицит түзілді. Ал жыл басында бюджет тапшылығы 544 млрд теңге болады деп болжанған еді. Демек, үкіметтің бюджеттік саясаттағы ұстанған сақтық пен тиімділік принципі өз жемісін беруде.
Дегенмен мін жоқ емес, бар. Республикалық бюджеттің кірістерінде қосымша құн салығы (ҚҚС) жеткілікті жиналмаған: жоспарланған көлемнің 95,9%-ы ғана. Сол секілді акциздер 69,2%-ға ғана орындалған, Ұлттық қордан аударылатын трансферттер де азайып, жоспардағы 2,55 трлн теңгенің орнына бар-жоғы 1,45 трлн теңге ғана алынған.
Шығыстар да жоспарланған соманың тек 86%-ы деңгейінде қалыптасып отыр. Ал мұнайдан тыс бюджет тапшылығы жоспардағы 3,4 трлн теңгенің орнына 2,3 трлн теңге деңгейінде қалыптасып, 1,1 трлн теңгеге төмен құралған.
Қорыта айтқанда, қазіргі бюджет саясаты аймақтардың белсенділігін арттыру, ұлттық қордан трансферттерге тәуелділікті азайту және шығындарды қатаң бақылауға алуды көздейді. Бұл – Бектенов үкіметінің фискалды тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді қолдау жолындағы нәтижелі қадамының көрінісі.
Жылдың екінші жартысында бюджетке түсер жүктеме ауырлауы мүмкін. Дегенмен, үкімет осы қарқынды сақтай алса, бюджет жыл соңына дейін орнықты, сенімді әрі тұрақты болары сөзсіз. Фискалды тәртіп пен тиімді басқару – қазіргідей күрделі кезеңде бұрынғыдан да маңызды. Бектенов үкіметінің бұл бағыттағы жұмысы, әзірге жақсы нәтижеге ие деп бағалауға толық негіз бар.