Түркия мен Қазақстан басшыларының Анкарадағы кездесуінен кейін Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азиядағы геоэкономикалық жағдай ақырындап өзгере бастайды. Бұл туралы сарапшы Айбар Олжаев жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шуша тусовкасында аяқталмай қалған пазлды толық жинау үшін Ердоғанға қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жетпей тұрған еді. 8 ай бұрын Бакуде басталған Жейхан келіссөздер операциясын Ердоған-Тоқаев тандемі бүгін қол ұстасып аяқтауы мүмкін. Бұл посттың бас жағы түсініксіз болса да, аяғына дейін оқыңыздар. Себебі ол ертеңгі тағдырыңызға тікелей әсер етеді.
Түркия Қытайдың құрлықтағы батыс қақпасы болуға 2022 жылдан бері әрекет етіп келеді. Қытайдың «Бір белдеу-бір тағдыр» геологистикалық жобасы аясында қазақ елі бұл қақпаны Каспийдің шығыс нүктесі Ақтауға дейін алып келді. Ары қарай қадам жасау үшін Әзірбайжан мен Түркияны байланыстыратын, 40 шақырым Армения жерінен өтетін Зангезур коридоры мәселесін шешу қажет болды. Және биыл Түркия, Әзірбайжан мен Армения үшеуі осы коридор мәселесін шешкен сияқты. Енді ойынға Қытаймен арадағы басты ойыншы – Қазақстанды қосса болады.
Қазақстан да Тұран одағының қалған мүшелері Зангезурды қашан шешеді деп қол қусырып қарап отырмай, логистикалық тірліктерін өз бетімен реттей бастаған болатын. Қытайда жүктерді жиыстыратын контейнерлі порт пен хаб аштық және Грузиядағы Батуми портына қосып, біз Потиде жаңа порт салып, оны пайдалануға беріп тастадық. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның Қытайдағы Сианьнан басталатын және Грузиядағы Потимен бітетін толыққанды жүк логистикалық желісі бар. Енді бізге осы желіні Жерорта теңізіне дейін жеткізу керек. Ол үшін бізге Түркиядағы ең ірі жүк порты Мерсин мен мұнайды теңізге шығаратын Жейхан порты керек. Және біздің осы жаққа дейін жетуіміз Ердоғанға да қажет. Сонда Түркия Еуропаға қазақ мұнайы мен уранын және Қытайдан жеткен кез-келген тауарды сата алатын маркетплейс бола алады. Осы арқылы Ердоғанның қолында Еуроодаққа ықпал ете алатын рычаг пайда болмақ.
Ескене – Жейхан. Әлемді дүр сілкіндіретін суперқұбыр
Әлемде соңғы ашылған ең ірі мұнай кеніші Қашағанға болашақта қазіргі бар магистралді құбырлар тарлық етпек. Жақсы, Теңіз кенішінің мұнайын КТК құбыры арқылы Новороссийсктен Еуропаға жөнелтіп жатырмыз. Ал Қашаған ше? Қашағандағы Ескене портынан Ақтауға құбыр тартып, одан Каспий табаны арқылы Бакуге шығып, Бакуден Зангезур арқылы Түркияға жетіп, құбырды Жерорта теңізінде тұрған Жейхан портына шығару туралы үлкен жоспарлар мен армандар бар. 2018 жылы Каспийдің құқықтық мәртебесі шешіліп, ортақ құжат қабылданғалы бері, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы мұнай құбыры мәселесін тек осы екі ел шеше алатын мүмкіндік туды. Ресей де, Иран да транскаспий құбыры жобасына вето қоя алмайды.
Қашаған 2А кезеңін іске асырса тәулігіне 500 мың баррель мұнай өндірмек. 2Б кезеңін сәтті аяқтаса, онда тәуліктік өндіріс 700 мың баррельге дейін жетеді. Қазір біз жылына осы мұнайдың 1,5 тоннасын Ақтаудан танкер тиеп, Бакуге жеткізіп, ары қарай Баку-Тбилиси-Жейхан құбырына құйып жүрміз.
Одан көбірек құйып, осы Баку-Тбилиси-Жейханды қолдана берсек қайтеді деген сұрақтың туындайтыны рас. Себебі, Каспийдің табанына құбыр тарту арзан емес екені түсінікті. Бірақ біз жылына 1,5 миллион тоннадан артық мұнайды БТЖ құбырына құя алмаймыз. Өйткені одан артық құйсақ біз Әзірбайжанның біздікінен қымбат мұнайының сапасын бұзамыз. Баку бұған рұқсат бермейді. Әзірбайжан мұнайының маркасы AzeriLight, ол нарықта сапалы жеңіл мұнай ретінде Брент маркасынан сәл қымбаттау сатылады. Ал Қашағандікі CPC Blend, ол керісінше Бренттен арзан тұрады.
Осы ретте Баку-Тбилиси-Жейханның негізгі ойыншысы Әзірбайжан екенін түсінуіміз керек. БТЖ ең алдымен Әзірбайжан мұнайын тиейді. Одан орын артылып жатса ғана қазақ пен түркімен мұнайын қоса алып кетеді. Ал бізге 5 миллиард доллар бөліп, Ескенеден Жейханға дейін өзіміздің жеке құбырымызды тарту мәселесін қолға алатын уақыт келді. Зангезур бойынша Арменияның келісім берген құжаты шықса, Қазақстанның дереу іске кірісетіні күмән тудырмайды.
Ердоған – Тоқаев тандемінің суперкеліссөздері біздің уақытпен кешкі 8-дерде басталар. Оның алдында Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде іргелі жобалар жасап жатқан түрік концерндерінің басшыларын қабылдады. Негізгі әңгіме жүк пен логистика аясында өрбіді. Себебі бұл қазақ-түрік экономикалық байланысының негізі және Тұран одағының ең ұтып тұрған бағыты.
YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арслан компанияның Ақтауда мультимодальді транзит хабын құру бойынша керемет жоспарын жеткізді. Ал S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлин Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру бастамасын таныстырып, Кемелұлының батасын алды. Tiryaki Holding компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлы Астана қаласынан бидай мен бұршақты терең өңдеу зауытын салғысы келеді екен. Біз ол ұсынысты қуана қабылдадық.
Қазір Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5 миллиард доллар шаасында. Негізі екі ел осы көрсеткішті 10 миллиард долларға жеткізу мақсатында көптеген жобаларды қолға алып, бірлесе жұмыс істеп келеді. Біздің экономикамызға құйылған түрік инвестициясының көлемі 6 миллиард долларға жетті.
Жабық есік жағдайында аймақтағы қауіпсіздік мәселесі де талқыланатыны сөзсіз. Егер қазақтың басына іс түсе қалса, Анкара Астананы қаншалықты қолдайды, жасырмай айтсақ, қару-жарақ бере ме деген мәселелер әрине талқыланады. Біздің тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындаған ел және НАТО мүшесі ретінде Түркия Қазақстанды бұл ретте сөзбен ғана қолдай ма, жоқ әлде Байрақтар технологияларына негізделген үлкен өндірістер қазақ жерінде жанданып, Tayfun зымырандары мен Kaan жойғыш ұшағы біздің базаларда тұра ма? Мұнай мен Зангезур мәселесін былай қойғанда, құлаққа сыбырласып сөйлесетін қызық әңгіме осы тақырыпта өрбитін сияқты.