Қазақстанда баспана алуға өтініш беру және оны бөлу процесі толық автоматтандырылады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” ақпараттық жүйесін әзірлеуді қолға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, 2024 жылы 22 қарашада Президент “Тұрғын үй саясатын реформалау туралы” заңға қол қойды. Заң аясында әкімдіктердің тұрғын үйді тіркеу, есепке алу және бөлу функциялары “Отбасы банкіне” беріледі. Сонымен қатар Заң 2024 жылдың 4 желтоқсанында күшіне енген жекешелендіру ережелерін қоспағанда, 2025 жылы 24 мамырда күшіне енеді.
Қазіргі уақытта “Отбасы банкі” базасында берілген функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.
Ақпараттық жүйе сегіз мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген және 120 мыңнан астам қызмет көрсететін Smart Data Ukimet жүйесімен интеграциялау соңғы сатыда тұр.
Бірыңғай ақпараттық жүйені құру “бір терезе” қағидатын қамтамасыз етеді. Азаматтардың барлық өтініші онлайн қабылданып, баспана автоматтандырылған режимде бөлінетін болады. Әрбір өтінім үшін отбасының цифрлық портреті жасалады, ол кірісті, мүлікті және активтерді көрсетеді.
Енді тұрғын үйді тіркеу және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу туралы шешімдерді “Отбасы банкі” ақпараттық жүйесі арқылы қабылдайтын болады.
Бүгінгі күні тіркелген азаматтар туралы ақпарат пилоттық негізде қабылданып, “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” ақпараттық жүйесін тестілеу жүргізілуде.