Бараат түні – Исламда ерекше мәнге ие қасиетті түндердің бірі. Ол ақпан айының екісінен үшіне қараған түні кіреді және күн батқан сәттен бастап таң намазына дейін жалғасады. “Бараат” сөзі араб тілінен аударғанда “тазару”, “кешірім” деген мағыналарды білдіреді. Яғни, бұл түн Алланың рақымы мол болып, тәубе еткен пенделердің күнәлары кешірілетін уақыт ретінде айтылады.
Бұл түннің негізгі ерекшелігі – кешірім сұрап, жүректі тазартуға мүмкіндік берілуі. Хадистерде Алла Тағала Бараат түні пенделеріне мейіріммен қарап, шынайы тәубе еткендердің күнәсін кешіретіні баяндалады. Сондықтан мұсылмандар бұл түнді барынша құлшылықпен өткізуге тырысады.
Бұл түні қандай құлшылықтар жасалады?
Бараат түні арнайы міндеттелген құлшылық түрі жоқ. Дегенмен ең сауапты амалдардың бірі – нәпіл намаз оқу. Әсіресе түннің соңғы бөлігінде тәһәжжуд намазын оқу құпталады. Намазды екі ракағаттан оқып, Құран аяттарын асықпай оқу маңызды.
Қандай дұғалар оқылады?
Құранды толық оқу міндет емес, жатқа білетін сүрелерді оқу немесе бір-екі парасын мән беріп оқу жеткілікті. Көпшілік бұл түні “Ясин”, “Ықылас”, “Фәлақ”, “Нас” сүрелерін жиі оқиды.
Зікір айту да Бараат түнінің маңызды амалдарының бірі. Алланы еске алып, “Субханаллаһ”, “Әлхамдулиллаһ”, “Аллаһу әкбар”, “Лә иләһә илләллаһ” деп айту жүректі тыныштандырып, иманды күшейтеді. Сонымен қатар пайғамбарымызға салауат айту да сауапты іс.
Бұл түнде ең көп жасалатын дұға – кешірім сұрау дұғасы. Мұсылман адам Алладан өз күнәларының кешірілуін, жүрегінің тазаруын сұрайды. Денсаулық, береке, иман, сабыр, ата-ана мен отбасының амандығы үшін дұға жасауға болады. Сондай-ақ марқұм болған жақындарығызға дұға бағыштау да осы түннің рухына сай амал.
Күндізгі амалдар
Бараат түні нәпіл ораза ұстауға да болады. Бұл міндетті емес, бірақ қосымша сауапты амал болып саналады.
Бұл түні не істемеген дұрыс?
Бараат түні адамның ішкі дүниесіне үңіліп, реніштен арылып, кешірімге келетін уақыт. Сондықтан бұл түнді бос әңгімемен, ойын-сауықпен немесе күнә істермен өткізбеуге тырысу керек. Ең маңыздысы шынайы ниетпен Аллаға бет бұру.
Қорытындылай келе, Бараат түні – әр мұсылманға берілген рухани мүмкіндік. Бұл түнде көп амал жасаудан бұрын, ықылас пен шынайылыққа мән берген жөн. Алла Тағала ниетпен жасалған әрбір құлшылықты қабыл етсін.
