Әділет министрлігі борышкерлердің шоттары не үшін және қалай бұғатталатынын, ал мұндай жағдайда қарызды өз бетімен неге жабуға болмайтынын егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әділет министрі "Ақ жол" партиясы депутаттары атынан өз ведомствосына келіп түскен сауалға жауап берді. Депутаттар маусым айының басында өздеріне қазақстандықтардың шоттарының бұғатталуына байланысты жаппай шағым келіп түсіп жатқандығын айтқан. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев сот орындаушылары қарыз сомасын ғана емес, шоттағы барлық қаражатты да бұғаттайтынын айтып, бұл қазақстандықтардың құқықтарын бұзу, тіпті оларды күнкөріс ақшасынсыз қалдыруы деп есептейтінін жеткізген. Осыған байланысты фракция заңнамада шотты ішінара бұғаттау қағидатын бекітуді ұсынды:
- қаражатты қолжетімді қарыз сомасы шегінде шектеу және бұл туралы борышкерлерді алдын-ала хабарлау.
- өндіріп алудың нақты сомасын көрсету;
- қарызды ерікті түрде өтеу мерзімін қарастыру;
- шоттағы барлық қаражатты толығымен бұғаттау тәжірибесін мүлде жою.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың депутаттардың сауалына берген ресми жауабы жарияланды. Онда заңға сәйкес сот орындаушысы екінші деңгейдегі банктерден борышкерлердің шоттарындағы ақша қалдықтары туралы ақпарат сұрай алатыны айтылады. Министрдің айтуынша, заң бойынша, ол өндіріп алынатын сомаға пара-пар борышкерге тиесілі барлық мүлікке тыйым салуға құқылы. Атқарушылық құжатты орындау үшін сот орындаушысы прокурордың санкциясын алуы керек. Прокурор санкция берген соң сот орындаушысының қаулысында тыйым салынатын ақша сомасы көрсетіледі.
"Борышкердің банктік шотындағы ақшаға санкциялаған атқарушылық құжатта көрсетілген сомамен қатар, оны орындауға және жеке сот орындаушысының қызметіне кеткен шығыстарды ескере отырып, тыйым салынады", - деп сендіреді Сәрсембаев.
Өндіріп алу сомасы құжатта көрсетіледі
Өндіріп алу сомасына қатысты министр қазір де заңнамаға сәйкес, атқарушылық құжатта борышкердің орындауына жататын талаптарды көрсету сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындауға қабылдауының міндетті шарты болып табылатынын атап өтті. Құжат атқарушылық құжаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, сот орындаушысы оған құжат келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартуға құқылы.
Борышты өтеген соң шоттар 30 минут ішінде ашылады
Сәрсембаевтың айтуынша, егер борышкер өз қарызын банктің мобильді қосымшасы арқылы өтесе, онда шот 30 минут ішінде бұғаттан босатылады. Егер атқарушылық іс жүргізу тоқтатылса, онда сот орындаушысы бір тәулік ішінде құжатты сотқа және басқа да мемлекеттік органдарға жолдап, борышкерге қатысты мәжбүрлеу сипатындағы шаралар тоқтатылады.
Қарызды өз еркімен өтеуге болмайды
Әділет министрі қазіргі таңда берешекті ерікті түрде өтеу бойынша мүмкіндік қарастырылмағанын мойындайды.
"Егер бұрын борышкер атқарушылық санкцияны өндіріп алмай және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлемей, 5 күнтізбелік күн ішінде атқарушылық құжаттың талаптарын орындау мүмкіндігіне ие болса, бүгінгі күні Заң шеңберінде ерікті түрде орындау ұғымы жоқ және атқарушылық құжатты орындауға ұсынғанға дейін оны ерікті түрде орындау мүмкіндігі көзделеді деп болжанады", - деп сөзін түйіндейді министр.