Беларусияның Витебск қаласында өткен эстрадалық әндердің «Славян базары» XXXIV халықаралық фестивалінің гран-при иегері атанған Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармонияның жеке дауыстағы әншісі Алмагүл Батталиеваны бүгін облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтап, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың атынан Құрмет грамотасын және ақшалай сертификат табыс етті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Бүгін таңертең Жетісу облысының делегациясы «Славян базары» фестивалінің бас жүлдегерін Алматыдағы әуежайдан қарсы алған болатын. Сол сияқты Талдықорғанның кіреберісінде де жетісулық әріптестері А. Батталиеваға құрмет көрсетіп, күтіп алды.
Облыс әкімдігінде жас әншіні қабылдаған Диас Есдәулетов қазақ өнерін насихаттауға қосқан үлесі үшін оған алғысын білдіріп, «Славян базары» фестивалі өткен жылдар ішінде қазақстандықтар бірнеше мәрте гран-при иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінгенін атап өтті. Әншінің еңбегіне табыс тілеп, жеңісімен құттықтады.
– Осы арманыма қол жеткізу үшін сегіз жыл еңбектендім. Менің бойымда жақсы қасиет көп, соның ішінде мақсатқа жетудегі табандылығым мені осындай биікке жеткізді. Әліге дейін жеңімпаз болғаныма сене алмай тұрмын. Маған қолдау білдірген облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасының басшылығына, Дәнеш Рақышев атындағы өзімнің сүйікті филармониямның ұжымына алғысымды білдіремін. Әсіресе, ұстазым Меруерт Мүсірәліге көп рахмет. Ол мені ұзақ жылдар бойы осындай музыкалық сайыстарға дайындап, баптады. Теледидар арқылы қолдау көрсеткен туған-туыстарыма, жақындарыма, әсіресе «Бозторғай» қоғамдық қорының басшылығына айтар алғысым зор, – деді туған еліне қуанышпен оралған «Славян базарының» жеңімпазы А. Батталиева.
Сондай-ақ ол алдағы күндерде магистратураға грантқа түсуге талаптанып көретінін айтты.
Облыс әкімдігінде өткен салтанатты шарадан кейін «Славян базары – 2025» байқауының жеңімпазы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Жалпы Алмагүл Батталиеваның Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясында жеке дауыстағы әнші болып жұмыс істеп жүргеніне үш жыл болды. Ол бұған дейін де бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанған.
Атап өтсек, ол 2015 жылы П.Чайковский атындағы музыка колледжінде, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Сонымен қатар Алмагүл бірнеше аспапты – аккордеон, фортепиано және укулелены еркін меңгерген.