Қаржы мониторингі агенттігі енді ұялы телефонның балансындағы ақшаны да тексереді. Бірақ бәрінікін бірдей жағалай емес. Бұл арада әдеттен тыс ақша толтыру жағдайлары назарға алынады. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов күні кеше Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай норма Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілген екен. Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта қаржы мониторингі субъектілерінің тізіміне ұялы байланыс операторлары да енгізілгені көрсетілген.
"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" ҚР заңнамасын бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 214-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Аталған баптың санкциясы бойынша 20 АЕК-тен 600 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған, оның ауырлығы мен салдарына байланысты лицензиядан айыруға дейін жаза қарастырылады", - деді Жеңіс Елемесов.
Оның айтуынша, әртүрлі адамдардың балансты үнемі толықтырып отыруы күдікке ілінеді.
"Бізді тек балансты толықтыру ғана емес, ерекше, әдеттен тыс толықтырулар да қызықтырады. Өздеріңізге белгілі, балансты толықтыру арқылы адамдар қазір бір-біріне ақша аударады, өйткені оны терминал арқылы алуға болады және ондай тәсілді ақшаны жылыстату кезінде пайдалануға болады", – дейді ол.
Бұған дейін сайтымызда Қаржы мониторингі агенттігі тәркіленген цифрлық активтерді сақтау үшін Binance-ден криптоәмиян ашқанын жазғанбыз.