Бала неге түнде ұйықтай алмайды және ол несімен қауіпті?

Ақтоты Жапатова 26 ақп. 2026 21:00

Баланың дұрыс дамуы үшін сапалы ұйқының маңызы зор. Алайда соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында ұйқы бұзылыстары жиі кездесіп жүр. Мамандардың айтуынша, ұйқысыздық (инсомния) — жеке ауру емес, ол ағзадағы психологиялық немесе физикалық мәселелердің белгісі болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұйқысыздық деген не?

Ұйқысыздық — баланың уақытында ұйықтай алмауы, түнде жиі оянуы немесе жеткілікті ұйықтаса да, шаршаңқы күйде жүруі.

Ол әртүрлі жолмен байқалады:

  • Ұйықтай алмау — бала ұзақ уақытқа дейін көз іле алмайды;

  • Түнде жиі ояну — қайта ұйықтау қиынға соғады;

  • Күндізгі ұйқышылдық — түнгі ұйқы жеткілікті болса да, бала әлсіз болады;

  • Ұйқы кезінде мазасыздық — түсінде сөйлеу, жүріп кету (айкезбе).

Балалардағы ұйқысыздық несімен қауіпті?

Ұйқының жетіспеуі баланың денсаулығына тікелей әсер етеді:

  • ми қызметі баяулап, оқу үлгерімі төмендейді;

  • тез шаршағыштық пайда болады;

  • ашуланшақ және жылауық бола түседі;

  • күйзеліс пен мазасыздық артады;

  • иммунитет әлсірейді;

  • өсу гормонының бөлінуі бұзылып, физикалық дамуы кешеуілдеуі мүмкін.

Сонымен қатар, сапасыз ұйқы жүрек-қантамыр жүйесіне де кері әсер етуі ықтимал.

Ұйқысыздықтың негізгі себептері

Балалардағы ұйқы бұзылыстары бірнеше факторға байланысты:

1. Психологиялық себептер:

  • қорқыныш (қараңғылықтан, жаман түстен қорқу);

  • стресс, уайым;

  • шамадан тыс эмоциялық жүктеме.

2. Тұрмыстық себептер:

  • ұйқы режимінің сақталмауы;

  • ұйықтар алдында телефон, теледидар қарау;

  • бөлмедегі ыңғайсыз жағдай (ыстық, шу, жарық);

  • тым тойып немесе аш ұйықтау.

3. Денсаулыққа байланысты:

  • қызу, ауырсыну;

  • тыныс алу жолдарының мәселелері;

  • жүйке жүйесінің бұзылыстары.

4. Дәрі-дәрмек әсері: кейбір препараттар (әсіресе жүйке жүйесіне әсер ететін) ұйқыны бұзуы мүмкін.

Бала қанша сағат ұйықтауы керек?

Жас ерекшелігіне қарай ұйқы нормасы әртүрлі:

  • 4 ай – 1 жас: 12–16 сағат

  • 1–2 жас: 11–14 сағат

  • 3–5 жас: 10–13 сағат

  • 6–12 жас: 9–12 сағат

  • 13–17 жас: 8–10 сағат

Ұйқы жетіспеушілігінің белгілері

Ата-аналар мына белгілерге мән беруі керек:

  • бала тез шаршайды;

  • сабаққа зейіні төмендейді;

  • ашуланшақ немесе көңіл-күйі тұрақсыз;

  • көзі қызарып, ісінуі мүмкін;

  • белсенділігі төмендейді.

Бала дұрыс ұйықтауы үшін не істеу керек?

1. Тұрақты режим қалыптастырыңыз. Бала күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуы керек.

2. Ұйқы гигиенасын сақтаңыз. Бөлмені желдетіңіз, тыныш, қараңғы орта жасаңыз және ыңғайлы төсек қолданыңыз.

3. Дұрыс тамақтану. Кешке баланың ауыр тамақ ішпеуін қадағалап, оның орнына жеңіл тағамдар (айран, йогурт) беріңіз.

4. Гаджеттерді шектеу. Ұйықтар алдында телефон, планшет қолдануға болмайды.

5. Жағымды атмосфера құру. Ұйықтар алдында кітап оқуды, жылы ванна қабылдауды немесе жағымды әңгіме айтуды әдетке айналдырыңыз.

6. Стресті азайту. Бала өзін қауіпсіз сезінуі керек.

Қандай жағдайда дәрігерге қаралу керек?

Егер ұйқысыздық ұзақ уақыт сақталса, бала түнде тыныс алуы тоқтап қалса, жиі қорқынышты түстер көрсе немесе жағдайы нашарласа — міндетті түрде маманға жүгінген жөн.

Баланың сапалы ұйқысы — оның денсаулығы мен дамуының негізі. Сондықтан ұйқы режимін қалыптастыру, дұрыс орта жасау және баланың эмоционалдық жағдайына көңіл бөлу — әр ата-ананың маңызды міндеті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove