Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаевты қабылдап, Кеңестің алғашқы сессиясына дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорданың мәліметінше, Қанатбек Жайсанбаев Президентке Қазақстан Халық Кеңесі мен оның Хатшылығын құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, Хатшылық Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық-талдамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі Әділетті Қазақстанның іргесін нығайтуға ықпал ететін бірегей диалог алаңы екенін атап өтті.
Президент Хатшылық басшысына Қазақстан Халық Кеңесінің мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруді тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясына дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.