Баку – Тбилиси – Джейхан құбырымен 3,4 млн тонна Қазақстан мұнайы тасымалданды

Кәмшат Тілеухан 02 қаз. 2025 13:05

Транзит туралы келісімге қол қойылған уақыттан бастап Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша Қазақстан мұнайының шамамен 3,4 млн тоннасы тасымалданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровшан Наджафпен кездесті.Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша көмірсутек тасымалдаудың қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарлары талқыланды. Транзит туралы келісімге қол қойылған уақыттан бастап бұл бағыт бойынша ҚМГ мен SOCAR-дың еншілес компаниялары ("Қазақтеңізкөлікфлоты" және АСКО) паритет негізде Қазақстан мұнайының шамамен 3,4 млн тоннасын тасымалдағаны атап өтілді", делінген ҚМГ баспасөз қызметінің хабарламасында.  

Тараптар ҚазМұнайГаз, SOCAR, Татнефть және Өзбекнефтегаз компаниялары жасасқан Цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы төртжақты меморандумдардың іске асу барысы туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, ҚМГ Инжиниринг пен SOCAR мамандары өндірісте озық цифрлық шешімдерді енгізу бойынша өзара тәжірибе алмасуда.

Сонымен қатар тараптар өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бағытындағы ортақ іс-шаралар жоспарларын жүзеге асырып, техногендік сипаттағы ТЖ кезінде әрекет етумен байланысты оқу-жаттығулар өткізеді.

"ҚазМұнайГаз SOCAR-мен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Ол Қазақстанмен Әзербайжанның транзиттік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ қазақстандық мұнайдың халықаралық нарыққа экспортын ұлғайтуға бағытталған. Қол қойылған келісімдер аясында біз цифрландыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ортақ жұмысымызды жалғастырамыз. Сонымен қатар Әзербайжан әріптестерімен геологиялық барлау, төмен көміртекті дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды және Каспий теңізінің жағдайын жақсарту бағытындағы шараларды іске асыруда өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделіміз", — деді Хасенов.

Бұған дейін ұлттық компания әлеуметтік желіде тарап жатқан сыбысқа қатысты үн қатқан болатын. Дақпырт "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелеріне төленген сыйақы көлеміне қатысты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар