Таяуда Шымкентте өткен XII Азаматтық форумда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қоғам белсенділері бас қосып, мегаполистің тұрақты дамуы, азаматтық қоғамның рөлі, мемлекеттік органдармен әріптестік жайы кеңінен талқыланды. Үш күнге созылған шара барысында жастардың белсенділігі, әлеуметтік тапсырыстың ашықтығы, инклюзивті білім мен әлеуметтік қорғау мәселелері көтерілді. Dalanews.kz ақпараттық порталы тілшілері қоғамдық сарапшы, форум жұмысына қатысқан Марат Төлебаев біздің сауалдарымызға жауап беріп, пікірін білдірді.
– Марат Тұрсынбайұлы, Шымкентте өткен XII Азаматтық форум жайлы жалпы әсеріңізді бөліссеңіз?
– Мен бұл жолғы Шымкент қаласында өткен форумды ерекше бағалаймын. «Qyzgaldaq» сарайының төрінде басталған жиын әдеттегі есепті басқосу емес, елдің әр аймағынан жиналған азаматтық қоғам өкілдерінің шынымен де пікір алмасып, бір-бірінен үйренген ортаға айналды.
Үш күнге созылған шараға тек ҮЕҰ белсенділері емес, аймақтардағы ішкі саясат басқармаларының өкілдері, түрлі мемлекеттік органдар мен шетелдік серіктестер қатысты. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі тоғыз адамнан тұратын делегация жіберіп, тәжірибе бөлісті. Осындай деңгейдегі қатысушылардың басын қосу – Шымкент үшін мәртебе, ел үшін қажетті қадам.
Форумға қала әкімі де, оның орынбасарлары да, ішкі саясат басқармасының басшылары қатыса алмады. Әрине, ұйымдастырушылардың атынан кешірім айтылды, бірақ мұндай бейжайлықты елемей өте алмаймыз. Қазақстан Азаматтық альянсының төрайымы Бану Нұрғазиева да бұл жағдайға ашық наразылығын білдірді. Азаматтық қоғамды дамытамыз десек, алдымен диалог мәдениетінен бастауымыз керек. Халыққа ашық болу – жай сөз емес, нақты әрекет.
– Ал форумды ұйымдастыру деңгейін қалай бағалайсыз?
– Ұйымдастыру сапасы жоғары болды. Шымкенттегі Азаматтық альянстың төрағасы Жұмағали Білісбеков, Юсуп Арзыханов пен Қоғамдық ресурс орталығының жетекшісі Сара Имбарова бар күшін салып, форумды ойдағыдай өткізді. Бұл азаматтардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар биліктің бейқамдығын ұйымшылдықпен жуып-шайып, форумның мазмұнын сақтап қалды.
– Басқосуда қандай мәселелер сөз болды?
– Форумда құқық қорғау органдары мен түзету мекемелерінің өкілдері форумда көзге көрінбеді. ҮЕҰ тарапынан түскен көптеген арыз-шағымдар, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қатысты хаттар жауапсыз қалып жатқанына жиынға қатысушылар қынжылысын білдірді. Басқосуда Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайрат Битасов та осыны ашық айтты. Оның сөзі залдағылардың қолдауына ие болғанын айта кетуіміз керек.
– Шымкенттегі жастардың белсенділігі жөнінде не айта аласыз?
– Жастардың белсенділігі жоғары. Форумға қатысқан креативті жастар ұйымдары елдің болашағының бар екенін дәлелдеді. Соларға қолдау көрсетіп, бизнес пен билік серіктестік танытса, үлкен жетістіктерге жетеміз. Инклюзия тақырыбы да назардан тыс қалмады. Ерекше қажеттілігі бар балаларды, оның ішінде аутизм, СПИД секілді мәселелерді көтерген жобалар таныстырылды. Бұл қоғамымыздың қаншалықты күрделі тақырыптарды көтере бастағанын көрсетеді.
Өз басым Шымкенттегі азаматтық қоғамның әлеуеті зор деп есептеймін. Үлкен мегаполиске сай азаматтық қоғамға билік пен бизнес серіктес болуы тиіс. Ал әзірге қоғам белсенділері жауапкершілікті өздері көтеріп келеді. Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының өкілдері биыл ҮЕҰ-ға арнап ғимарат беретінін және қыркүйекте атқарушы билік пен азаматтық альянс арасында кездесу өтетінін айтты. Егер осы уәделер орындалса, біз алға қадам басамыз.
– Жиында жаңа заң қабылдау мәселесі де қозғалған екен...
– Иә, форумда жаңа заң қажеттілігі де сөз болды. ҮЕҰ туралы қолданыстағы заң заман талабына сай емес. Бұл мәселе ашық пікірталас тудырды. Аймақтардан келген делегациялар өз өңірлеріндегі қоғамдық кеңестердің құрамын өз ойларын ортаға салды. Өйткені кеңете ҮЕҰ өкілдері жоқ, тек бұрынғы әкімдер мен мәслихат депутаттары отыр. Бұл – қоғамдық кеңестің жұмысын тұралатуы мүмкін.
– Форумды қорыта айтқанда, қандай нәтиже күтесіз?
– Форумды қорытындылай келе айтарым: біздің азаматтық қоғам өсіп келеді, пікірі мен ұсынысы бар. Бірақ сол қоғамға лайық серіктес билік те болуы керек. Шымкенттің тұрақты дамуы үшін әрбір дауыс естілуі тиіс. Бүгінгі форум осы жолда маңызды қадам болды. Әлі талай сын бар, бірақ алға жылжуға жігер де бар. Мен азаматтық қоғамның күшіне сенемін, өйткені ол – халықтың шынайы үні.