Айтыс

Dalanews 06 сәу. 2016 06:33 1386

Баяғыда бір ағам оңашада маған мұңын шағып еді... Әлі күнге атақ, орден, не сыйлық алмапты... Не өкімет, не бір байшікеш астына машина мінгізбепті... Мерейтойларын кейбір пысық әріптестері сияқты әкімшіліктің есебінен өткізе алмапты... Қойшы, айта берсе, өкпесі көп...

Бұл сипатты әділетсіз өмірге өкпесі осынша үлкен болғанмен, ағамыз өзі ортадан төмен, кішігірім ғана ақын болатын. Сол себепті, ағама қатысты алғанда, өмірді соншалық әділетсіз деп айта алмас едім... Хош... Енді, міне... қарасам, сол ағамның жасына мен де келіп қалыппын... Қарасам, сол ағамда жоқтың бәрі – менде де жоқ... Бұл енді – әділетсіздік!.. Сөз жоқ, әділетсіздік.

Әйдік ақын деген дардай атым бола тұра, мен неге соның бәрінен құры қалдым?.. Соны ойлағанда, қатты қапа болып, өзімді аяп, көзімнің жасын бала-шағаға көрсетпей, сығып-сығып алдым да, қарап отырмай, бір әрекет жасауға бел будым. Орден-медаль, атақ, сыйлықтан енді үміт жоқ... Бірақ маған, қайткенде де, бір машина міну керек!.. Неге деп сұрамаңыз... Машина мінем - бітті!..

[caption id="attachment_14720" align="alignleft" width="252"]gakym smagul dalanewes kz 01 Ғ.Смағұлдың карикатурасы[/caption]

Әйтеуір, жарқыраған бір шетелдік көлік мінсем, өмірде кеткен бар есем қайтардай, нәпсімнің осы қалауына байландым да қалдым. Не істемек керек? Жақын маңда өткізе қояр мерейтойым да жоқ. Бола қалғанда да, еңбегімді елеп, тегін көлік мінгізе салар өкімет, не менің әйдік ақындығыма пысқырып жатқан таныс-жуық байшыкеш бар ма?.. Ойлап-ойлап, машинаны өз еңбегіммен тауып, мінбекке бекіндім. Оны жылдам табудың жалғыз-ақ амалы... – айтысқа қатысу!.. Және қарсыластың бәрін тас-талқан етіп, бәйгені жеңіп алу. Жүлдеге, міндетті түрде, машина тігіледі... Көріп жүрмін, қырық жыл ақын болып, елу бірдеңе кітап шығарып, біз мінбеген шіркінді, домбырасын сабалап, ерінбей он бес минут өлең айтқан кез-келген мұрынбоқ, кәкір-шүкір, бала-шаға қағып әкетіп жүр... Мейлі ғой, "байдың асын қызғанар байғұсың" мен емес... Бірақ маған қалайда машина міну керек!.. Бұл мақсаттан мені енді ешқандай күш, ешбір сайтан айныта алмайды! Осы қу темір үшін мен кез-келген бала-шағамен қырқысуға дайынмын!..

Әрине, бұл айтысқа қатысу маған оңай болған жоқ. Мен ана... Ринат, Балғынбектер сияқты айтысып, аты шыққан адам емеспін. Айтыса алатынымды дәлелдеу үшін, үйде қырық жылдан бері қаңсып жатқан шарқыш домбырамды ала келіп, Жүрсін Ермановтың алдында, артық-кемі жоқ, жаңағы... он бес минут бойы тоқтамай, суырып салып өлең айтуға тура келді... Сөйтіп, айтысқа, ақыры, қатысатын болдым. Айтыскер жігіттерге де раxмет, әрине... Кәрісің деп, шетке қақпады.

Рас, Жүкең жетелеп әкеп, орталарына қосқанда, аю көргендей біраз үдірейіскенмен, артынан көздері үйреніп кетті. Жеребе тартылып, айтысатын жұптар іріктелді... Әуелі бір құдай, сосын көкейді тескен көліктің елесі қуат беріп, қарсыластарымның оң келгенін - оң, сол келгенін - сол лақтырып, осы қарқыннан таймаған қалпы, финалдан бір-ақ шықтым!.. Қызық та сонда басталды...

Финалда қойылған шарт – айтысатын екі ақын бірін-бірі аямай мақтау керек екен... Кім неғұрлым көркем және неғұрлым асыра мақтаса – бәйге соныкі. Мұнысы енді маған қиын соғатын түрі бар. Өмірімде, себепсізден себепсіз, беталбаты кісі мақтап көрмеген басым, сасайын дедім. Қарсымдағы, өзім бүгін ғана көріп отырған, тазша бала сықпытты, мына ұзын мұрын, үңірейген сарыға не деп мақтау айтуға болады?!. Ол кім сонша, мақтайтындай?!. Пошымына қарап, қанша ойлансам да, тілімнің ұшына сөз оралар емес... Көкейімді жегі құрттай тескен бір көлікке енді жетем бе дегенде... мынау сұмдық болды. Айтысты бастар алдындағы кіріспе сөзін аяқтай берген Ермановқа, ескіден таныс-білістігімді пайдаланып, "мынау бастасыншы" деген ишарамен ым қағып едім, көп жасағыр, түсіне қойып, сарыға "сен бастайсың" деді.

Қарсыласым, жас болғанмен, талайды көрген жырынды екен. Соңғы жылдары газет оқымаймын, теледидар қарамаймын, айтыс, концерт дегенге баруды қойғам – қайдан білейін... Мен білмегенмен, мынауың қаншама айтыста топ жарып, қос-қосынан машина мініп, миллиондап бәйге алып, кекірігі азған қу көрінеді... Мойны құрықтай болып, мұрны салбырап, сұңқиып отырысы жаман... Жұқалап бастап, бірте-бірте мақтанның көпшігін астыма қалыңдата төсеп, сұңқиған қу ұзақ жыр толғады. Сонда айтты: ей, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қырсық ағам-ай, талғамыңа адам татымай, осы күнге дейін жарытып ешкімді мақтамап ең... Қарашы енді, өзің де мақтаусыз қалдың... Заманыңның тілі - мақтау еді, сен соны ұқпадың! Содан да атақсыз, марапатсыз қалдың... Әйтпесе, кімнен кем едің?! Осы айтысқа дөп келдің - қадіріңді білер ініңе тап келдің. Алтынменен аптайын, күміспенен күптейін, ал, тыңда! - деген сарында төкпелеп келіп:

Ақындықта – еренсің,

Адамдықта – кемелсің!

Сондай да сондай ағаны

Қай асылға теңерсің! –  деп, желдірмелеп бір қайырды. Жұрт "пау!" дескенмен, осы күні той жасап, шай берген әркім-ақ естіп жүрген сұңқыл ғой... Былқ етпедім. Енді не айтасың дегендей, бетіне бақырая қарап отырмын. Сұңқылдақ сары бұл мақтауымен менің ғұмырында мақтау көрмей, қатып қалған бұрандаларымды босата алмағанын байқап, домбырасын қағып-қағып жіберіп, ары қарай кетті. Енді: ей, ағасы! Сен - дарияның  түбінен толқын көтерген наһан балық болсаң, мен - су бетінен шіркей қаққан шынашақтай ғана шабақпын... Осы жолы сізден жеңілсем де, батаңызды алып қалсам, маған - сол абырой... – деп соқты. Өлеңі мен мадағын онша менсініп отырмасам да, мына адамгершілігі қатқан мұзымды жібіткендей болды... Әсіресе, "жеңілсем де" деген сөзі жаныма жағып барады!.. Сол сол-ақ екен, менің де қарысып қалған жағым ашылып, байланып отырған тілім шешіліп жүре берді... Үні бұзық жаман домбырамды қаңғырлатып, біраз мадақ айтып тастадым... Айтыс дейтін өнердің жұлдызысың, інім... Ел-жұртыңа сүйкімді һәм қыз-қырқынның көз құрты болған нұр жүзіңді осынша жақын отырып көрем деп ойлаппын ба!.. Сен, шырағым, баяғы Жанақ, Түбектің жалғасысың, Сүйінбай, Жамбылдың көзісің, бүгінгі Иса Байзақовтың өзісің... деген жерге келгенде, бұрын мұндай парықсыз мадақ айтып көрмеген тәжірибесіз надан тілімнің қатты бұрап ауырып, тісімнің қалай қақсап-сырқырап қоя бергенін көрсеңіз!.. Бетім от боп жанды... Бірақ машина керек болса, шыдайсың...

[caption id="attachment_14721" align="aligncenter" width="640"]gakym smagul dalanewes kz02 Ғ.Смағұлдың карикатурасы[/caption]

Ары қарай кеттім. Өнерпаздығын, шешендігін, алғырлығын айта келіп, құста – бұлбұл, сұңқарға, аңда – жолбарыс, қасқырға теңедім... Бұдан асырып мақтайын десем, бетім шыдамай барады... Енді болмаса, не қарқылдап күліп жіберем, не... домбырамды лақтырып, саxнадан тұра қашам!.. Бірақ, машина керек болса, маған өйтуге еш болмайды! Қысылғаннан маңдайымнан бұрқырап бу шықты. Ғажап!.. Осы жұрт, беті бүлк етпей, қалай мақтай береді екен бірін-бірі!.. Жон арқамнан жосылып аққан тер, әуен ырғағымен теңселе, аяғымды сілки түсіп, кезіндегі Айтақын Бұлғақовша, жер тепкілеген сайын, балағымнан шашырап отыр... Сол кезде осынау бетсіз мадағыма, әлде менің мақтауыммен жарқын бейнесі жаңаша сомдалған қарсыласыма риза болған көпшілік ду қол шапалақ ұрып, дүрлігісіп кетті. Айғай-шу, ысқырық... Соны пайдаланып, сары балаға кезегін ұсынып құтылдым да, қалтамнан беторамалымды шығардым... Уһ!..

Мен сияқты үлкен ақыннан мұнша мадақ күтпесе керек, сары бала таңданғаннан ұзын мұрны одан сайын салбырап, есеңгіреп отыр екен. Қанша дегенмен, жас емес пе, еріннің ебімен ғана қиыстырып сайраған арзан лепесім буынына түсіп-ақ кетсе керек...

Бірақ талай майданды көрген пәле ғой, жасаураған көзін шапанының жеңімен сүйкеп-сүйкеп жіберіп, елтіген бойын тез жинақтап, қаршығадай қомданды. Ұзын-сонар мадақ тыңдау кезегі маған келді... Одан соң, мен айтып, ол тыңдады... Осы алма-кезек мадақтасу залдағы мыңдаған адамның ду-ду қошамет, кеу-кеуімен сағаттарға созылды. Мадақ сөздің небір көркем үлгілері, алтын-гәуһар, інжу-маржандары айтылды! Оның бәрін термештеп қайтем, есімде де жоқ. Тек... жайшылықта ақшаға сатып ала алмайтын мадақтар еді, әттең... Мақтау сөздің құдіреті-ай, шіркін! Осы күнге дейін соны білсемші... Жақсы мақтауға алпыс екі тамырың иіп, сүйек-сүйегің балқығанда, қандай сүйкімсіз болса да, қарсыласыңды бас салып, құшақтап, сүйгің келетін сәттер де болады екен...

Бірақ машина алу үшін, босаңсымау керек, қара ағаштан қатты болу керек... Бұрын кім көрген – мадақ айтыс дегеніңіз... кәсіби боксқа ұқсайтын өнер ме деп қалдым... Қарсыласымның (ауыр салмақты екенін енді байқадым) оңнан, солдан, тіке жауған ауыр мақтаулары мені қаңғалақ қақтырып, бара-бара... мүлде қаңғытайын деді. Басым істеуден қалып, титықтап, қажи бастадым. Өйткені, соңғы бір-екі соққысы, анық, иектің астынан кетті... Әрине, қорғана білу, дәл соққы жасау және оны, ретіне қарай, ес жиғызбай, үстемелете жаудыру – үлкен өнер. Бірақ қарымта соққыға төзе білу одан да маңыздырақ екен...  Рингтегі бір шайқасты көргем... Боксшылардың бірі – шебер де, екіншісі – соққы қабылдауға арнап жасаған жуан тұлып сияқты еді.  "Тұлыптың" басы шойыннан құйған көнек дерсің... - қанша соққы алса да, жығылмады. Ұпай санымен жеңілсе де, әйтеуір, рингте жайрап қалмай, абыроймен кетті. Рас, айқас біткенде, тентек болған танадай, шаршы алаңдағы өз бұрышын таба алмай, лағып кеткені болмаса... Ал мен мына сайыстан сау кетпейтін сияқтымын... Қарсыласым қайта-қайта тықсырып, бұрышқа қамап, тұлып қылып сабай бастады... Бет қаратпай борандатқан сұрапыл мадақтардан миым айналып, әткеншекте отырғандай, көз алдымда шайқалып тұрған дүние, енді аударылып-төңкеріліп, аунай бастады. Машинасы құрсын, осы масқараға босқа ұрынғаныма енді өкіне бастағанда, ананың кезегі бітіп кетіп, маған сөз тиіп, жаным бір қалды... Әйтпесе, тұяқ серпуге келтірмей, түбіме жетері анық еді!..

[caption id="attachment_14722" align="alignright" width="302"]sabit dalanewes kz Сәбиттің карикатурасы[/caption]

Әрине, мен де аянып жатқан жоқпын, бірақ мақтау мен даттауға ерте араласып, әбден төселген кәсіпқойдың жөні бөлек қой... Обал-сауапқа қарамайтын мына парықсыз, ұятсыз, жарамсақ, кенеусіз тарқылдақ мақтан, өтірік әспет, көлгір құрмет жайлаған әлемге динозаврлар заманынан адасып келген ебедейсіз құбыжық сияқты сезіндім өзімді... Бірақ жан бермек оңай ма - әйтеуір, ауадан қармап, жоқтан жалғап, мақтау сөздің жаңағы айтқан түр-түріне бесіктен белі шықпай суырылып отырған сұм балаға, тапқан мадағымды, тисе - терекке, тимесе - бұтаққа, мен де шірей тартып, атып-ақ жатырмын... Тәңірі атқанды - тәңірі атқан мақтайды демекші, бірте-бірте екеуміз де ұяттан кеттік. Пенде баласы осалмыз ғой... Әсіресе мақтау сөзге... Сұм сары ана бір мақтауын айтқанда, маңдайымнан тер шықты, енді бір сөзінің тұсында тізем дірілдеді, шекем шыңылдады... Кейде, тіпті, іші-бауырым елжіреп, тіл-ауыздан қалып, көзімнен жас сорғалай жаздаған сәттер болды!.. Оны айтасыз, мақтау сүйектен тым өтіп кеткен кезде, есірткі шегіп алғандай...кеңкілдеп күлгенімді қайтерсіз... Анау да, қанша дегенмен, ет пен сүйектен жаралған, өзім сияқты қораш пенде ғой – менің қолқа-жүректі суырған қайбір тәтті мадағыма шыдай алмай, өксіп-өксіп қалып, есін тез жиып ала қоятынын да көріп отырмын. Бір-бірімізден мадағымыз асып түскен сайын, буынымыз босап, кезек-кезек әлсіреп кетеміз... Жалпы, байқағаным, мақтау сөзге сеніп қалу шарт емес екен. Қанша өтірік екенін біліп тұрсаң да, буыныңды алмай қоймайды, сайтан!.. Әйтеуір, құлап қалмау, мүрдем кетпеу - екеумізге де басты мақсатқа айналды. Енді бір орайда, әлгі неме жалпақ елдің маған деген шексіз маxаббаты туралы бір тосын әңгіме бастады... Осы тұста қаттырақ теңселіп кетіп, сыр беріп алыппын. Соны сезіп қалған жыртқыш енді ес жидырмай, еселей соғып, екілене төпеді!.. Мен сол қисайғаннан оңала алмай, жандәрмен тыпырлап жатқанда:

"Тіршілікке нәр берген,

Жер-жаһанға сән берген,

Ашыққанға нан берген,

Алысқанға әл берген ,

Құдіретсің сен!.." – деп салды... Не болғанымды білмей кеттім... Бұл не мазақ?!. Адамды осылай масқаралауға бола ма!.. Есімді шала-шарпы жиған бойда, орнымнан тұра ұмтылып, жағасынан ала кеттім. Апыр-топыр... Көзіме қан толып кеткен... Бір қарасам, Жүрсін Ерманов араға түсіп, жалынып, араша сұрап жүр, "ау, мұныңыз не, жас баламен төбелесіп" деп... Бала болмай қалсын... Пәле бұл!.. Қызық іздеп келген жұртқа той болды. Ақыры, екеумізді ажыратып, орнымызға отырғызды. Маған енді бұлай істесем, айтыстан қуылатыным айтылды. Анаған да "құдыретке жеткізбей мақтау керек, ыңғайсыз болады" деген сыңайда ескерту жасалды... Айтыс әрі қарай жалғасты.

Жыртылған жағамызды түзеп, көгерген-қызарған жерлерімізді сипап-сипап қойып, бір-бірімізді қайта мақтауға кірістік. Бірақ қиюы бір кеткен дүние қиын ғой, ыза мен жәбірден қыстығып, ауызға жөнді сөз ілігер емес. Қарсымдағы ұзын тұмсық сарының екінші тынысы ашылып, долларға шаққандағы бопыр теңгедей қопсып, үдеп барады... Мен – бейшара мұнайдың бағасындай шөгіп барам, шөгіп барам... Оның үстіне мына сұмырай барып тұрған плагиатшы екен. Жұдырық тиіп, добалдай боп ісіп, жұмылып кеткен көзін сығырайтып алып, домбыра екпінімен шабыттана, басын шұлғып қалған сайын, ұзын тұмсығы көкірегін шоқып, бұрынғы байды, биді, көсемдерді мақтаған ақындардың өлеңдерін өз сөзінің арасына шеберлікпен сыналап-сыналап жіберіп, құтырта соғады. Ескінің бәрін ұмытқан, кітап оқымайтын қазіргі қауымға мұның қып-қызыл ұрлық екенін жөпелдемеде, саxнада отырып, қалай дәлелдейсің... Жаңағы "құдыреттен" сескеніп қалған қу, енді сыпайылап бастап, әуелі: "Байтақтан озып бәйге алған - Алашта тұлпар өзіңсің!" деп, көкіді. Жарайды дедім... Одан: "Заманның ері - арыстан, ақылдың кені - данышпан..." деп, тантыды... Жамбылдан жымқырып алғанын көріп отырсам да, сыр бермедім. Шыдадым... Ақыры, антұрған, дүйім жұрттың көзін бақырайтып қойып: "Асқар тауым, арысым - Ғаламға кетті дабысың! - Азғантай мына қазаққа - Алланың берген бағысың!" деп салғанда... менің көзім қарауытып кетті... Жұрт дүр ете қалды... Сол арада, әлсіреп, бір сәт талықсып кеткен екенмін...

Есімді жиып, залға қарасам – қазылар алқасында отырған шал-шауқандар да "не деген образ, не деген теңеулер!" десіп, бас шұлғысып, таңдай қағысып, мәз-мейрам! Зал толы xалық у да шу... Ысқырық, қиқу... Түңілдім!.. Бірақ менде не шара?.. Қайта төбелесуге болмайды... Енді шатақ шығарсам, саxнадан қуылатыным анық... Онда маған машина жоқ!.. Ашуланғанда ауызға сөз түсе ме - қарама-қарсы отырып алып, ұялмай-қызармай, атамзаманғы ақындардан ұрлап мадақ айтып, абыройымды айрандай төгіп абырой жинап алған мына плагиатшы сүмелекке деген шарасыз ызадан, дәрменсіздіктен және... қарымта мадаққа сөз таппай, сарқылып, жаным қысылғаннан... ауа жетпей, сол арада есім біржола ауып, ішегі бұралып, шанағы қаңсып қалған байғұс домбырамды құшақтаған күйі, шапаным желбең етіп, орындығымнан ауып түсіппін... Нокаут!.. Көнекбас боксшыдай болу қайда бізге... Ес-тұссыз талып жатқан мені өзі өлтірген Гектордың мүрдесін арбаға байлап, ала қашқан Аxиллестей, жеңімпаз қарсыласым дырылдатып, саxнадан сүйреп алып кетіпті... Сүйреп жүргенде, шапаным шешіліп саxнада қалыпты. Мейлі... Енді оның маған керегі жоқ... Бір машина үшін жан алып, жан беріскен тариxи айтыстың жайы осылай болды. Ендігі қалған кәрі қойдың жасындай шолақ ғұмырымның аңсары, мәні, мағынасына айналған қайран машина ана боқташақ сарының тақымында кетті. Менің айтыскерлік ғұмырбаяным да сонымен тәмам болды.

Рас, журналистердің жазуынша, бұл, шынында да тариxи айтыс болыпты-мыс... Дұрыс қой... Бірақ маған түк пайдасы жоқ тариxта қалудың қажеті не?.. Маған машина керек!.. Аяулы аты-жөнім тариxқа енгенге дейін, атақ-сыйлықсыз өтіп бара жатқан өміріме алданыш іздеп, амалдап тірлік ету керек... Түсінесіз бе?!. Мен тариxта қалар жақсы атымды жақсы бір көлікке ойланбай айырбастауға әлі де дайынмын... Және ондай мүмкіндіктен күдерімді де үзбеймін... "Үмітсіз - шайтан"...

Тұрсынжан Шапай, жазушы, әдебиет сыншысы, композитор

Ескерту: Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

Дереккөзі: azattyq.org


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар