Құжатқа Қазақстан тарапынан «Қазғарыш» төрағасы Талғат Мұсабаев пен Ресейдің Федералдық ғарыш агенттігі басшысының уақытша міндетін атқарушы А.Н. Иванов қол қойған. Келісімшартта қазақ ғарышкері А. Айымбетовтің ғарышқа ұшу дайындығы мен оны жүзеге асыру және ғарышкерді ұшып келген соң оңалту жөніндегі қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау барысы қарастырылған.
Бізді келісімшарттың құны қызықтырды. «Қазғарыштың таратқан мәліметінше оның құны 1,1 млрд. рубльді құрайды екен. Бұл миллиондаған доллар екенін ішіңіз сезіп отырған шығар. Өз кезегінде Талғат Мұсабаев:
– Бұл өте маңызды құжат, онда ғарыштық ұшырылымның барлық қыр-сыры қарастырылған. Негізгі бөлімнен басқа, оның тағы 11 қосымшасы бар. Мен қазақстандық және ресейлік мамандарға ризамын. Олар қысқа мерзімде, яғни 2 жарым айдың ішінде келісімшартты дайындап шықты. Шын мәнінде, осы бағытта орасан зор жұмыстар жүргізілді, – деді. Осылайша Тәкең бір адамды ғарышқа аттандырып (ойламаған жерден), «Қазғарыш» мекемесі қыруар жұмыс тындырғандай кейіп танытты. Газетіміздің өткен санында дағдарыс алқымнан алған тұста А.Айымбетовтың қыруар ақша жұмсап, ғарышқа ұшуы орынсыз екенін айтқан едік. Амал не амбициясы Алатаудай ғарышкерлеріміз алған беттерінен қайтқан жоқ. Бұл ұшырылымнан Қазақстан экономикасы мен ғылымына қандай пайда болатын мәселе басы ашық күйінде қалды.
"ҚмД" ақпарат.