1959 жылы қарулы төңкеріс нәтижесінде билікке келген Фидель Кастро 2008 жылға дейін елді басқарды. Ауыр науқастан кейін ол билікті інісі Рауль Кастроға беріп, содан бері көпшіліктің көзіне түсе бермейтін. Соңғы рет Фидель Кастро биыл тамыздың 13-і күні өзінің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысқан кезде жұртқа көрінген.
Куба үкіметі Фидель Кастроның денсаулық жағдайына байланысты сараң мәліметпен шектелетін.
Фидель Кастро билікке келген соң Куба мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс үзіліп, тек былтыр, 2016 жылы ғана қайта орнаған. Кастро КСРО-мен тығыз қарым-қатынас орнатты.
1962 жылы күзде КСРО-ның Кубаға атом қаруы бар зымырандарды орналастыруы тарихта «Кариб дағдарысы» деген атаумен белгілі 13 күнге созылған саяси дағдарысқа алып келген еді. Сарапшылар бұл дағдарыс кезінде әлем дүниежүзілік ядролық соғысқа шақ қалған деп сипаттайды.
Халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар мен демократиялық елдер Фидель Кастроны Кубада саяси қарсыластарын аяусыз жазалап, адам құқықтарын аяққа таптайтын диктаторлық билік жүйесін орнатқаны үшін сынға алған.