«Ауылда 85 мың теңге жетеді»: депутат ең төменгі жалақы туралы айтты

«Ауылда 85 мың теңге жетеді»: депутат ең төменгі жалақы туралы айтты
Әлеуметтік желі.

Құрылтай депутаты Мейірхат Қасымбаев Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі 85 мың теңге ауыл тұрғындарына жеткілікті болуы мүмкін, ал қалада бұл сома өмір сүруге жетпейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутат бұл пікірін Tizgin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтқан. Журналист одан Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері қанша болуы керектігін сұраған. 

Мейірхат Қасымбаев ауыл мен қаладағы тұрмыс шығындарының айырмашылығына назар аударған. Оның сөзінше, ауыл тұрғындарының бір бөлігі мал ұстап, сүт, көкөніс және басқа да азық-түлікті өз шаруашылығынан ала алады.

«Ауылдағы адамдар еңбекқор халық қой. Мәселен, сіз қалада тұрасыз, сіздің бақшаңыз жоқ. Ал ауылдағы адамдар мал ұстайды. Тамақ өзінен, сүт, көкөніс өзінікі. Сондықтан 85 мың теңге ауылда тұрып жатқан адамдарға жетеді. Еңбек еткен адамға 85 мың жетіп қалар», – деді Мейірхат Қасымбаев. 

Ол қала тұрғындары үшін мұндай табыс жеткіліксіз екенін атап өтті. Депутаттың пікірінше, ең төменгі жалақы мәселесін азаматтың тұрғылықты жері мен күнделікті шығындарын ескере отырып қарастыру қажет.

Қазақстанда 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленген. Бұл көрсеткіш бұған дейін де бірнеше рет талқыланған. Қазір 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасы аясында ең төменгі жалақыны өзгерту мәселесі де қаралып жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін депутаттар мен Үкімет өкілдері ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау мәселесін көтерген. Бірінші вице-министр Азамат Әмрин тиісті есеп-қисап бар екенін, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтқан.