Рамазан – мұсылман қауымы үшін сабыр мен шүкіршілікке, өзін-өзі тәрбиелеуге, жүректі тазартуға арналған ай. Бұл айда ұсталған ораза тек тамақ пен судан тыйылу ғана емес, нәпсіні тыю, ниетті түзету және рухани кемелдену мектебі.
Оразаның екі маңызды сәті бар: сәресі (таң алдындағы ас) және ауызашар (кешкілік ауыз ашу). Осы мезеттерде оқылатын дұғалар оразаның мәнін тереңдетіп, құлшылықты толықтырады.
Сәресі дұғасы
Сәресі – берекелі уақыт. Таң намазына дейін ішілген ас күндізгі оразаға күш береді. Дәстүрлі түрде мына дұға оқылады:
«Нәуәйтү ән әсуума саума шәһри рамаданә минәл-фәжри иләл-мағриби халиcан лилләһи та’ала».Мағынасы: «Алла Тағаланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таңнан кешке дейін ұстауға ниет еттім».
Ниет – жүрек амалы. Егер адам шын жүректен ораза ұстауға бекінсе, арнайы сөзбен айту міндет емес, бірақ дұға арқылы ниетті бекіту сауапты іс.
Ауызашар дұғасы
Күн батып, азан шақырылған соң ауыз ашар алдында мына дұға айтылады:
«Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту, уә ‘аләйкә тәуәккәлту, уә ‘алә ризқикә әфтарту».Мағынасы: «Уа, Алла! Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім және берген ризығыңмен ауыз аштым».
Ауызды құрма не сумен ашу – сүннет. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолы.
Дұғаның рухани мәні
Сәресі мен ауызашар дұғалары адамға:
•ниетін жаңартуға;
•сабыр мен шүкіршілікті арттыруға;
•әр күнді құлшылықпен бастауға және аяқтауға;
•Аллаға тәуелділігін сезінуге көмектеседі.
Ораза – тек денені емес, жүректі де тәрбиелейді. Сондықтан дұғаны механикалық түрде емес, мағынасына үңіліп оқу маңызды.
Рамазан – береке мен кешірім айы. Сәресіде жасалған ниет пен ауызашардағы шүкіршілік – мұсылманның рухани тірегі. Әрбір дұға жүректен шығып, шынайылықпен айтылса, оның сауабы еселенеді.
Алла Тағала ұстаған оразаларымызды қабыл етсін!
