Аудиторлық тексерістен соң QazExpoCongress ұлттық компаниясының еншілес қоры таратылды

Кәмшат Тілеухан 30 қаң. 2025 11:01 391

QazExpoCongress ұлттық компаниясы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша еншілес корпоративтік қорларының бірін таратты. Бұл компания құрылымын оңтайландыру үшін қажет болғаны айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша "QazExpoCongress" Ұлттық компаниясы" АҚ құрылымын оңтайландырып, "Қазақстан" Сауда-көрме орталығы" еншілес корпоративтік қорын таратты.

"Cауда және интеграция министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша Ұлттық компанияның екі корпоративтік қоры бар екені анықталды: "QazExpoCongress" КҚ және "Қазақстан" Сауда-көрме орталығы" КҚ. Бірінші қор арқылы аталған ұлттық компанияны нысаналы қаржыландыру жүзеге асырылады, ал екіншісі Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі аумағындағы және Дубайдағы ЭКСПО-2020 аумағындағы қазақстандық павильондарды басқарады. Бұл екі коммерциялық емес ұйымдағы жұмыс жүктемесінің аздығы, сондай-ақ жекелеген функциялардың қайталануы олардың одан әрі қатар жұмыс істеуінің орындылығына қатысты сұрақ туындатты. Осыған байланысты сауда және интеграция министрлігіне "QazExpoCongress" ҰК" АҚ-мен бірлесіп тиісті шара қабылдау тапсырылды", делінген Жоғары аудиторлық палатасының хабарламасында.

Нәтижесінде ұлттық компания министрлік келісімі бойынша "QazExpoCongress" КҚ-ның қарамағына қолда бар мүлікті, ғимараттарды, сондай-ақ шарттар бойынша міндеттемелерді бере отырып, "Қазақстан" Сауда-көрме орталығы" КҚ-ны тарату туралы шешім қабылдады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар