Аудиторлар "Самұрық Қазына" мен "Бәйтеректің" жұмысынан бірқатар бұзушылықтарды анықтады

Кәмшат Тілеухан 18 мау. 2025 11:22

Жоғары аудиторлық палата квазимемлекеттік сектордағы компаниялар жұмысынан бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, "Самұрық-Қазына" қоры мен "Бәйтерек" холдингінен. Бұл туралы бүгін, 2025 жылы 18 маусымда Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкіметке берген есебінің қорытындысын қарау кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қорытындыға сәйкес, 2024 жылдың сәуірінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылған. Алайда орталық мемлекеттік органдар даму жоспарларын оған уақытылы бейімдей алмады. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың даму жоспарының 7 негізгі ұлттық индикаторына және 20 нысаналы индикаторына қол жеткізілмеді.

2024 жылғы кірістер бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілді. Бірақ нақтыланған жоспар да 609 млрд теңгеге орындалмаған.

Салықтық тексерулер санының артқанына қарамастан, олардың нәтижелері бойынша өндіріп алу проценті екі еседен астам төмендеді. 249 ірі салық төлеушіге мониторинг жүйесіз жүргізіледі. Нәтижесінде қосымша есептелген сома небәрі 643 млн теңгені немесе ірі салық төлеушілерден түскен түсімдердің 0,01%-ын ғана құрады. Жалпы 2024 жылы салық жинау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4,7% төмендеген.

Бұл факторлар қарыз алудың ұлғаюымен қатар Ұлттық қордан берілетін трансферттерді де көбейтуге мәжбүрледі. 2024 жылы оның көлемі 5,6 трлн теңге болды. 2023 жылмен салыстырғанда Ұлттық қор активтерінің деңгейі жалпы ішкі өнімге 7%-дық тармаққа төмендеген. Бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,6%-ы диапазонында ұстау мақсаты орындалмаған. Мұнайға қатысты емес тапшылықтың белгіленген лимиті де сақталмаған. Оның абсолютті мөлшері 10,8 трлн теңге болды.

2024 жылы республикалық бюджеттің шығыстары бойынша бюджетке 13 рет өзгеріс енгізілген, ал өзгерістердің 40%-ы IV-тоқсанға тиесілі. Өткен жылы 56 млрд теңгеге 112 бюджеттік инвестициялық жоба қаржыландыру жоспарынан алынып тасталған. Бұл – газ, су және электрмен жабдықтау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салаларындағы объектілер. Алайда екінші жартыжылдықта жалпы сомасы 58 млрд теңгеге басқа 96 инфрақұрылымдық жоба енгізілген. Ал жаңадан енгізілген жобалардың бағыттары сол алынып тасталған жобаларға ұқсас.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру қарқыны төмендеген. 2024 жылы небәрі 14 объект сатылды.

"Оң нәтиже ретінде былтыр республикалық бюджеттен квазимемлекеттік секторды қаржыландыру көлемі 29%-ға жуық қысқарғанын атап өтуге болады. Дегенмен холдингтердегі активтерді ұтымсыз басқару фактілеріне жол беру жалғасып келеді. Мәселен, "Бәйтерек" холдингінің компаниялары жеңілдікпен берілетін ресурстарды түпкілікті алушыларға жеткізу мерзімін ұзаққа созады. Жобаларды іріктеу процесі жеткілікті деңгейде ашық емес. Мәлімделген KPI-ға жетпеген немесе қарсы міндеттемелер мүлдем қарастырылмаған жобаларға қолдау көрсетілген. "Самұрық-Қазына" қоры жалпы құны 239 млрд теңге болатын тау-кен, металлургия және өнеркәсіп салаларындағы 13 жобаны тоқтатқан", делінген ЖАП хабарламасында.

Жоғары аудиторлық палата Үкімет және Парламентпен бюджеттік процестерді жетілдіру мәселелері бойынша бірлескен жұмысты жалғастырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар