Атыраудағы төрт адамның өлімі: Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен қайта қауышты

Атыраудағы төрт адамның өлімі: Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен қайта қауышты
smartnews.kz коллажы

Атырауда төрт туысының қазасынан кейін психикалық денсаулық орталығында ем қабылдаған Ақбаян Мұқанғалиева медициналық мекемеден шығарылды. Ұзақ үзілістен кейін ол алғаш рет балаларымен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл ақпаратты Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятова растады. Оның айтуынша, Ақбаян балаларын көруге екі рет келген.

«Алғаш рет өткен аптада келді. Бірнеше күн бұрын тағы келіп, қайтадан 10 күнге ауруханаға жататынын айтты», – деді орталық басшысы.

Қазір орталықта әйелдің төрт баласы тәрбиеленіп жатыр. Олардың жастары – 10, 8, 5 және 4-те. Ал 2025 жылы туған бір жарым жастағы кенже ұлы арнайы балалар үйінде орналастырылған.

Орталық өкілдерінің мәліметінше, балалардың денсаулығы қалыпты, психологиялық жағдайы тұрақты. Мектеп жасындағы екі бала оқуын жалғастырып жатыр. Мұғалімдер орталыққа келіп, сабақтарды кесте бойынша өткізеді.

Ақбаянның емі әлі жалғасуы мүмкін

Мамандар 10 күндік бақылаудан кейін әйелдің жағдайын қайта бағалайды. Егер нәтижелер оң болса, Ақбаянның балаларын өз қамқорлығына алу мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.

Еске салайық, Ақбаян Мұқанғалиева 10 наурызда Индонезиядан экстрадицияланып, Атыраудағы медициналық мекемеге орналастырылған болатын. Кейін Алматыдағы Сот сараптамалары институтында психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті. Сараптама қорытындысы тергеу құпиясына байланысты жарияланған жоқ.

Мамыр айында прокуратура әйелге динамикалық бақылау мен қосымша диагностика қажет екенін хабарлаған.

Кейін Атырау облысының прокуратурасы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты екі қылмыстық істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатты. Оған қатысты басқа қылмыстық істер тіркелмеген.

Төрт адамды өлтірген бұрынғы күйеуі өмір бойына сотталды

Тергеу нәтижесінде Ақбаянның бұрынғы күйеуі, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. 14 шілдеде сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сот барысында ер адамның әйелдің төрт туысын ерекше қатыгездікпен өлтіргені дәлелденді. Тергеу дерегіне сәйкес, қаза тапқандарға шамамен 60 рет пышақ жарақаты салынған.

Ақбаян Мұқанғалиева мен Сұлтан Сәрсемәлиев 2022 жылдың қарашасында ресми түрде ажырасқан. Соған қарамастан, ер адам кейін әйел жалдап тұрған пәтерге қайта көшіп келген.