Атырауда алаяқтарға банк шотын берген 63 жастағы ер адам сотталды

Атырауда алаяқтарға банк шотын берген 63 жастағы ер адам сотталды
pixabay.com

Атырауда интернет-алаяқтарға өз банк шотын ақылы түрде пайдалануға берген 63 жастағы ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Polisia.kz мәліметінше, 2025 жылдың күзінде ер адам әлеуметтік желіден жалған инвестициялық жоба туралы жарнаманы көріп, жеке деректерін қалдырған. Кейін өздерін қаржы ұйымының қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар оған ақша операцияларын жүргізу үшін банк шотын ашуға кеңес берген.

2025 жылғы 18 қарашада оның есепшотына алаяқтардың құрбаны болған Ақтөбе тұрғынынан 300 мың теңге түскен. Ер адам ақшаның бір бөлігін өзінде қалдырып, қалғанын күдіктілер көрсеткен басқа шоттарға аударған.

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, бұған дейін өзі де осындай «инвестициялық жобалардың» кесірінен шамамен 400 мың теңгесінен айырылғанын айтқан.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша — үшінші тұлғаларға пайда табу мақсатында банк шотын бергені үшін кінәлі деп таныды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем өндірілді.

Полиция банк карталарын, есепшоттарды және жеке деректерді бөгде адамдарға беру қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, «жеңіл табыс» ұсынатын схемаларды алаяқтар өзгенің ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін жиі пайдаланады.