Атырау облысында мемлекеттік мекемелердің бірінің бухгалтері ұйым басшысымен бірлесіп, 2023-2024 жылдары 88,8 млн теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, кейін рақымшылық туралы заңды қолдану арқылы жазаны 4 жыл 8 айға дейін қысқартқан.
Алайда Бас прокуратура рақымшылық заңсыз қолданылғанын анықтады. Заңға сәйкес аса ірі мөлшерде қаржы жымқырғаны үшін тағайындалған жаза келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана қысқартылуы мүмкін. Алайда сотталушы шығынды толық өтемеген.
Сонымен қатар, одан 36,8 млн теңгеден аса қаражатты өндіріп алу туралы шешім шығарылған. Соған қарамастан, бірінші сатыдағы сот жазаны үштен біріне қысқартқан, ал апелляциялық саты бұл заңбұзушылықты жоймаған.
Бас прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот рақымшылықты қолданудың күшін жойып, бастапқы жаза, яғни 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қайта қалпына келтірді.