Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Бақтыбек Исаев ішкі істер органдарынан теріс себептермен босатылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ІІМ мәліметінше, министрлік жүргізген жоспарлы қызметтік тексеріс барысында қала полициясы басшысы тарапынан заңға қайшы әрекеттер анықталған.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Өзге мәлімет тергеу мүддесіне байланысты жария етілмеді.
Министрлік қабылданған шешімдер заңдылықты қамтамасыз ету аясында жүзеге асқанын атап өтті.
Бақтыбек Исаев Атырау өңірінде туған. Орталық Азия университетінің түлегі. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2003 жылы бастаған. 2024 жылы мамырда Атырау қалалық полиция басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған.