Атақты "Азия дауысы" пикниктен басталды

Dalanews 04 шіл. 2023 07:09 798

Пикник негізгі "Азия дауысы" концерті алдындағы шара еді. Енді алдағы 28-30 шілде күндері "Медеу" шатқалында аты аңызға айналған «Азия дауысы» фестивалі жалғасын таппақ.


«Азия дауысы» пикнигі шынайы серуенге негізделді. Атап айтатын болсақ, дәмді тағамдар қойылып, демеушілер тарапынан көптеген түрлі ойындар, шеберлік сабақтары өтті. Ең бастысы - әсем әуен шырқалды.



«Медеу» сахнасында таңның атысынан күннің батысына дейін Алматы қаласында өткен «Жас қанат-2023» жас орындаушылар байқауының қатысушылары мен жүлделі орын иегерлері өнер көрсетті.



Қойылым арасында үлкен экраннан «Азия дауысы» фестивалінен бейнероликтер көрсетілді. Ұйымдастырушылар пикник қонақтарымен осыдан 30 жыл бұрын өнер көрсеткен жұлдыздарды еске алды. Халық қосылып ән айтып, би биледі. Бұл - сағынышқа толы сәттер болды! Ал пикник кешін көпшіліктің сүйіктісіне айналған Молданазар, Садраддин және PLEBS тобы тамаша ән шашуларымен қорытындылады.



«Азия дауысы» пикнигі – жаңаша көзқараста қайта жалғасын табатын «Азия дауысы» фестивалінің тұсаукесері ретінде аталып өтті. Фестивальдің бас продюсері Арманжан Байтасов "Біз үшін пикник – өте маңызды оқиғалардың бірі. Жыл басында «Азия дауысы» фестиваліне дайындық барысында «Азия дауысы» халықаралық фестивалі қоғамдық қорының негізін қалаушы және президенті Ирина Ковыряко іс-шараның толық нұсқасын ойластырды. Соның бірі Алматыға кері қайтаруымыз керек болған «Жас қанат» байқауы. Сонымен қатар, Азия дауысының символына айналған күн басқан ерлердің бейнесі табылған Таңбалыдағы петроглифтерге саяхат еді. Бұлардың барлығы бір тізбектің буыны. «Азия дауысы» фестивалі мен байқауы 20 жылға жуық уақыт өткізілмеді. Соңғы фестиваль 2004 жылы өтті. Арада ұзақ үзіліс болғандықтан, көп нәрсе ұмытылып кетті. Сондықтан бәрін қайта қалпына келтіруге тура келеді", - деді.

"Осы тұста фестивальді бастапқыда жасауға атсалысқан Мұрат Ирғалиев және Александр Пономаревпен қайта қарым-қатынас құрып, жұмысты жалғастырамыз. Бұл командамен 2004 жылы жұмыс істеген кезде iPhone, смартфон, iPad, тіпті 5G интернеті де болған жоқ. Яғни, бүгінгідей мүмкіндіктер болмады. Біздің міндетіміз – бар қабілетімізді, мүмкіндігімізді, шығармашылығымызды біріктіре отырып, «Азия дауысын» заман талабына сай етіп дайындап шығу. Бұл - әрине, оңай емес. Біз барлық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырысамыз. Осы тұста, 28, 29 және 30 шілде Медеуде өтетін «Азия дауысы» фестивалі көрермен көңілінен шығу үшін бар күшімізді саламыз. Қазір барлық сәт пысықталуда. Мені ерекше қуанышқа бөлеген жайт - алматылықтар мен қала қонақтарының керемет достық көңілі болды. Ал бұл біз үшін маңызды жайт деп айтуға болады. 28 шілдеде өтетін «Азия Дауысы» фестивалінің ашылу салтанаты керемет өтетініне сенімдімін" 


Фестиваль бұл жолы өзгерістерге толы болмақ. Мәселен, биыл «Азия дауысы» байқауы болмайды. Әзірге старт-концерт жасалуда. Бұл - Азия дауысының 2023 жылғы басты міндеті. Фестивальдің бірінші күнінде тек қазақстандық өнерпаздар сахнаға шығады.



Ал фестивальдің екінші күні Black Eyed Peas тобы концерт береді. Ал «Азия дауысының» үшінші күні аты аңызға айналған әншілер мен топтарға арналады. Себебі аталмыш күні «Ялла», Юлдуз Усманова, Secret Service өнер көрсетеді. Бірақ жұлдыздар тізімі тағы да толықпақ.

Dalanews.kz, DALA INSIDE, «Қала мен Дала» газеті - "Азия дауысы" фестивалінің ақпараттық серіктесі. Жаңалықтарымызды бақылап отырыңыздар!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар