Ата заңға ұлттық көші-қон туралы тармақтар қосылса...

Dalanews 07 ақп. 2017 12:15 802

 Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөліміне, «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына ұсыныс


 

Елбасының Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы бастамасын толық қолдаймын.

Тәуелсіздіктің төбесі көріне бастаған сонау бір елең-алаң ұста Ұлт Көшбасшысы батыл шешім қабылдап, көрегендікпен жолға қойған Көші-қон саясаты да өз жемісін беріп үлгірді, 25 жылда миллионнан аса қандасымыз атажұртына оралды.

Бірақ, сол қазақ көшінің өткен 25 жылда басып өткен жолы оқтай түзу бола қойған жоқ, Шарықтаған тұсы да, құрдымға кете жаздаған кезі де болды. Соның бәрінде Нұрсұлтан Әбішұлы бас болып, көш керуенін жөнге келтіріп, бағытын айқындап отырды.

Міне, енді Ұлы Дала Елінің тарxында дамудың үшінші төңкерісін жасағалы жатырмыз. «Ата Заңға» өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс, ішінара бірер бабы болмаса, жұртшылықтан толық қолдау табуда.

Ел қатары, алдағы замандарда да Қазақ Еліне оралғысы келетін шетте жүрген қандастарыңыздың жолы мәңгі ашық болса екен деген ізгі ниет пен асыл арман әр қазақтың көкеінде бар екенін айтқым келеді.

Міне, талқыға түсіп жатқан «Ата Заңның» келесі жаңа нұсқасында сол мәселе өз шешімін табады деген сенімдемін.

Өйткені, «Көші-қон» – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған осы батыл әрі тәрихи шешімі екені мойындалған шындық!

1991 жылы 18 қарашада «Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарының басқа республикалардан және шет елдерден Қазақ КСР-ына көшіп келуі тәртібі мен шарттары туралы» атты Н.Назарбаев шығартқан осынау ақжолтай қаулыдан соң жаңа Қазақстанның тасы бірден өрге домалап сала берді емес пе?!!

Ақ түйенің қарыны жарылғандай алқа-қотан болып қуанып жатқан осы мерейлі тұста Сіздерден, ҚР Конституцияның 10-бабын «РЕСПУБЛИКА ШЕГIНЕН ТЫС ЖЕРЛЕРДЕ ТҰРАТЫН ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНА КЕДЕРГІЗСІЗ ОРАЛАДЫ ЖӘНЕ ТҰРУ МЕРЗІМІНЕ ҚАРАМАСТАН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҒЫН ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ТӘРТІППЕН (ТІРКЕУ ТӘРТІБІМЕН) АЛАДЫ.» - деген бір жаңа тармақпен толықтыруды сұраймын.

Құрметпен Ауыт Мұқибек, ақын.

06.02.2017
Астана


 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар