Алматы мектептерінде полиция күшейтілген режимде кезекшілік атқарып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мессенджерлерде Алматыдағы мектептерге шабуыл жасалуы мүмкін деген хабарламалар тарағаннан кейін оқу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, сабақтарды тоқтатуға немесе қашықтан оқытуға көшуге негіз жоқ.
"Қаланың құқық қорғау органдары жағдайдан хабардар және оны бақылауда ұстап отыр. Олармен бірлесіп білім алушылар мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша алдын алу шаралары қабылданды", – деп жазылған басқарма таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, білім басқармасы өкілі Алматыдағы білім беру ұйымдары қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жауаптылар ата-аналар мен қала тұрғындарын сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
