Алматы да LRT желісін салуға қамданып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев алдағы жоспарды айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Баспасөз мәслихатында LRT-ның алғашқы желісінің құрылысына дайындық барысы айтылды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қорытынды 2026 жылы шілдеде шықпақ.
Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы LRT желісі Төле би көшесімен өтіп, әрі қарай Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін, сондай-ақ, Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін барады.
"LRT құрылысының белсенді кезеңі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басталады. Жоба желінің өзін ғана емес, депо құрылысын да қамтиды. LRT-ны Алматының жаңа көлік жүйесінің негізгі элементінің бірі ретінде қарастырамыз", — деді Ержан Диханбаев.