«АстанаГаз ҚМГ» компаниясы («Самұрық-Қазына» мен Baiterek Venture Fund еншілесі) 2023 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлемейтін болды. Жыл табысты болғанына қарамастан (2,4 млрд теңге), өткен жылғы шығындардың кесірінен компания осындай шешімге келген.
6 мамырда өткен акционерлер жиналысында «Алдыңғы жылдардағы шығындарға байланысты 2023 жылғы таза табыс бөлінбейді, қарапайым акцияларға дивиденд төленбейді» деген байлам жасалған еді. Компанияның қаржы есебі де бекітілді. Өткізілген аудиторлық қаржы есебінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айындағы «АстанаГаз ҚМГ» шығыны 34,3 млрд теңге болды. 2022 жылы бұл сома 36,4 млрд теңге болған. Компанияның жарғылық капиталы 1 қаңтарда — 84,9 млрд теңге, жиынтық активтер — 249,1 млрд теңге, жиынтық міндеттемелер — 197,7 млрд теңге, сауда көлемі — 33,6 млрд теңге, жалпы табыс — 21,2 млрд теңге, таза табыс 2,4 млрд теңге болды.
Қыркүйектің соңында «АстанаГаздың» 30,3 млрд теңге қысқамерзімді қарызы болған еді. Ал ұзақмерзімді қарызының мөлшері — 196,1 млрд теңге. Бұл жерде әңгіме 2029 жылға дейін төленуге тиіс 102 млрд теңге мен 2033 жылға дейін берілуі керек 85 млрд теңге көлеміндегі облигациялар туралы болып отыр. 2022 жылы қарыздың 14,4 млрд теңгесі төленген. Компания облигациялар шығаруға қатысты шарттарды сақтауға міндетті. Әйтпесе кредиторлар қарызды мерзімінен бұрын жабуды талап етуге құқылы.
Айтпақшы,2023 жылдың 9 айында компанияның төрт топ-менеджеріне 98,9 млн теңге ақы төленген. Оның ішінде жалақыға қоса сыйақылар да бар. 2022 жылы 163,3 млн берген екен.