Астанадағы әлемдік кибертурнир алаңында құқықтық сауаттылықты арттыру акциясы өтті

Астанадағы әлемдік кибертурнир алаңында құқықтық сауаттылықты арттыру акциясы өтті
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Елордадағы «Barys Arena» спорт кешенінде өтіп жатқан Counter-Strike 2 бойынша PGL Astana 2026 ауқымды турнирі аясында «Заң мен тәртіп» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлемнің үздік киберкомандалары бақ сынап жатқан турнир барысында елорда прокуратурасының үйлестіруімен Астана әкімдігі мен қалалық полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық іс-шаралар өткізді.

Бастама жастар мен елорда тұрғындарының құқықтық мәдениетін, цифрлық сауаттылығын арттыруға және жауапты мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған.

Турнир көрермендері мен жанкүйерлеріне тақырыптық ақпараттық брошюралар таратылды. Қонақтарға заң мен қоғамдық тәртіпті сақтау, мүлік пен қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығы ескертілді.

Сонымен қатар турнир алаңында құқықтық тәртіп, жауапкершілік және қоғамдық мінез-құлық мәдениеті мәселелеріне арналған ақпараттық стендтер мен плакаттар қойылған «Заң мен тәртіп» тақырыптық бұрыштамасы ұйымдастырылды.

«Бүгінде жастардың заманауи технологияларды еркін меңгеріп қана қоймай, цифрлық қауіпсіздік пен шынайы өмірдегі заң талаптарын да түсінуі аса маңызды. Мұндай профилактикалық акциялар құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға және қоғамдағы заңдылық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді», – деді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова.

Өз кезегінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Сәкен Алауханов цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен онлайн қызметтердің көбеюі қоғамға жаңа мүмкіндіктермен қатар киберқауіптердің де артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары телефон және интернет алаяқтығы фактілері едәуір көбейген.

«Сонымен қатар халық арасында қаржылық және құқықтық сауаттылық деңгейінің жеткіліксіздігі байқалады. Бұл азаматтарды қылмыстық схемаларға тартылуына әсер етеді. Халықты ақпараттандыру – құқықбұзушылықтардың алдын алу мен азаматтарды алаяқтық әрекеттерден қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі», – деп атап өтті ол.

Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай акцияларды спорт алаңдарында өткізу халықтың цифрлық қауіпсіздігін арттыруға, зиянды әдеттердің алдын алуға және заңды сақтау мәдениетін нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Еске салсақ, бүгін елордадағы «Barys Arena» спорт кешенінде Counter-Strike 2 бойынша халықаралық PGL Astana 2026 турнирі басталды.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайды. Астанаға Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic сынды әлемдік деңгейдегі 16 команда жиналды. Турнир қазірдің өзінде Қазақстанда өткен ең ірі киберспорттық оқиғалардың бірі ретінде аталып отыр.